Әлемде коронавирус жұқтыру дерегі артты

Әлемде қайтадан коронавирусты жұқтыру деректері артып барады.

Әсіресе Америка, Еуропа мен Тынық мұхитының батыс бөлігінде көп тіркелген. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің хабарлауынша, респираторлық вирустың бұлайша тез таралуы жаз маусымына тән емес жағдай.

Пандемия аяқталғанымен кейінгі уақытта көп елде вирусты жұқтыру деректерінің көбейгені байқалып отыр. Оны Олимпиада ойындарында да көрдік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай дейді. Сондықтан мамандар босаңсуға болмайтынын айтып, вакцинаның пайдасы жайлы ұмытпауға шақырады. Олар ковидке қарсы екпенің арқасында пандемия кезінде Еуропаның өзінде  кісі өлімі 59 пайызға азайып, бір жарым миллионнан аса адам аман қалғанын еске салады. Кәрі Құрлықта коронавирустан 2 миллион 200 мың адам қайтыс болған. Вакцинасыз ол сан 4 миллион болар еді дейді мамандар. 

Мария ван Керкхове, ДДСҰ өкілі:

- Ковид-19 көп елде тарап жатыр. Кейінгі бірнеше аптада 84 мемлекетте науқастар саны көбейген. Әр өңірге байланысты көрсеткіш 10 пайыздан асады. Еуропада тест тапсырып жатқандардың 20 пайызында оң нәтиже көрсетіп жатыр. 

Париждегі Олимпиада ойындары кезінде коронавирусты жұқтыру оқиғалары тіркелген. Тіпті жарыс басталмай тұрып, бір күн қалғанда Австралиядан келген екі спортшының тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен. Ал 200 метрге жүгіруге екі күн қалғанда америкалық желаяқ Ноа Лайлздың вирус жұқтырғаны белгілі болды. Бірақ соған қарамастан, ол жарысқа қатысып, қола жүлдегер атанды. Сөйтіп дүбірлі дода кезінде 40-тан аса спортшының ковид жұқтырғаны расталды. Бұл ретте мамандар өзінің және өзгелердің денсаулығына салғырт қарамауға шақырады.  

Мария ван Керкхове, ДДСҰ өкілі:

- Әрбір адам вирусты жұқтыру және індеттің ауыр формада өтуін болдырмау үшін сақтық шараларын қолға алу керек. Ол үшін екпе салдырғаны жөн. Оны жыл сайын жасап отыру қажет. Бұл әсіресе қауіпті топқа кіретін адамдар үшін аса маңызды.

Қазір Оңтүстік Кореяда коронавирус тез тарап жатыр. Бұл маусымның соңынан бері жалғасып келеді. Енді індет осы айдың соңында шарықтау шегіне жетеді деп күтіліп отыр. Ауырып жатқандардың көбі 65-тен асқан қарт кісілер. Науқастардың күрт көбеюіне байланысты жергілікті ауруханаларда маман жетпей жатыр. Бұдан бөлек дәріханаларда диагностикалық құралдар мен дәрі-дәрмек те тапшы. Ресейде де кейінгі 5 апта бойы деректер саны көбейіп келеді. Тамыздың басынан бері мыңнан аса адам ауруханаға түскен. Мамандар бұған құбылмалы ауа райы себеп дейді. Сосын демалыс маусымы кезінде ары-бері қатынап жатқандардың көптігі де аурудың тез таралуына әсер еткен. 

Жұлдыз Атагельдиева