Кореяда бананның өсуі ғалымдарды алаңдатты
Сеулде банан өсе бастады.
Бірақ оған қуанып жатқан фермерлер жоқ. Өйткені бұл климат өзгеруінің салдары болуы мүмкін дейді. Яғни Оңтүстік Кореяның климаты субтропикалық өңірлерге ұқсай бастаған. Ал бұған ғалымдар алаңдаулы.
Банандар әдетте тропикалық және субтропикалық өңірлерде өседі. Ал Оңтүстік Корея қоңыржай белдеуге жатады. Сондықтан банан ағаштарының жеміс бере бастауы фермерлерді алаңдатып отыр.
Ма Мён Сон, фермер:
- Біз 10 жылдай банан өсірейін деп жүрміз. Бірақ тек биыл ғана ағаштардың жеміс бере бастағанын көріп отырмыз. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Алайда ол климаттың өзгеруінің салдары екенін ойласақ, көңіліміз түсіп кетеді.
2012 жылдан бері Оңтүстік Кореяда орташа жылдық температура көтеріліп келеді. Былтыр көрсеткіш 13,7 градусқа тең болған. Бұл - метеобақылау тарихындағы ең жоғары температура. Одан бөлек өткен жылы муссондық жаңбыр маусымы кезінде жауын-шашын мөлшері орташа жылдық көрсеткіштен екі есе асып кеткен. Осыған қарап мамандар Оңтүстік Кореяның климаты субтропиктік өңірдікіне ұқсап бара жатқанын айтады.
Ким Кван Су, Сеул ұлттық университетінің профессоры:
- Сеулде банан өсіріле бастағаны Оңтүстік Корея климатының өзгеріп жатқанын білдіреді. Осыны ескере отырып, біз енді түрлі дақылдардың жаңа сұрыптарын өсіруге бейімделуіміз керек.
Оңтүстік Кореяда тропикалық жемістер қымбат тұрады. Сондықтан тұрғындар банандардың пісе бастағанына қуанып жатыр.
Ким Чжи Юн, Сеул тұрғыны:
- Сеулде ағашта өсіп тұрған банандарды көру бір түрлі екен. Енді олар арзандаса жақсы болар еді.
Қазір Сеулде күн шыжып тұр. Түнде де ауа температурасы 25 градустан төмен түспейді. Бұл метеобақылау тарихында ұзаққа созылған үшінші ыстық толқыны болып отыр. Ал мамандар мұндай ауа райы кемі бір аптаға жалғасатынын ескертеді.
Жұлдыз Атагельдиева, Жанна Хусаинова