Жапонияда тайфунға байланысты әуе рейстері тоқтатылды
Жапонияда тайфунға байланысты жүздеген әуе рейсі кейінге шегерілді, деп хабарлайды 24kz.
Ал Африка елдері маймыл шешегі вирусымен арпалысып жатыр. Оңтүстік Корея президенті аймақтағы шиеленісті шешу үшін теріскейдегі көршісіне кореяаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.
«Ампил» тайфунының жақындауына байланысты Жапонияда 500-ге жуық әуе рейсі тоқтатылды. Соның салдарынан 100 мыңнан аса жолаушы діттеген жеріне жете алмай қалды. Жергілікті БАҚ өкілдері таратқан ақпар бойынша табиғи апат қаупінен елдің шығысында жүрдек пойыз қозғалысы да тоқтап қалған. Билік өкілдері тұрғындарды мейлінше сақ болуға шақырып, эвакуация туралы нұсқаулықтарды қатаң сақтауды ескертіп жатыр. Себебі метеорологиялық қызмет болжамына сәйкес, тайфун салдарынан шығыс өңірлерде қатты жел соғып, су тасқыны мен лай көшкіні жүруі мүмкін. Қазірдің өзінде желдің күші секундына 45 метрге дейін жетеді.
Испанияда дауыл тұрды
Испанияның Балеар аралдарында да 40-тан аса әуе рейсі кейінге қалды. Оған тоқтаусыз жауған жаңбыр мен дауыл себеп. Соның салдарынан көшелер көлге айналып, ағаштар құлады. Бірнеше көлікке зақым келіп, 9 адам жарақат алған. Қолайсыз ауа райына байланысты қазір аймақта қауіптің қызыл деңгейі жарияланған. Сақтық мақсатында ашық аспан астында қандай да бір іс-шара өткізуге рұқсат жоқ.
Маймыл шешегі: халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды
Африкада маймыл шешегі вирусының тарауына байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай жариялады. Бұл туралы Женевада өткен брифингте ұйымның бас директоры Тедрос Гебрейесус мәлімдеді. Оның айтуынша, бұрын инфекция тіркелмеген Бурунди, Кения, Руанда және Угандада 90 адам вирус жұқтырған. Ал Конго Демократиялық Республикасында жыл басынан бері дерт 15 мыңнан астам адамнан анықталып, 524-і қайтыс болған.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Африка одағы вирустың өршуіне байланысты қара құрлық аумағында төтенше жағдай жариялаған еді.
Оңтүстік Корея президенті КХДР-мен кореяаралық жұмыс тобын құруды ұсынды
Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль Солтүстік Кореямен арадағы шиеленісті азайтып, экономикалық ынтымақтастықты жандандыру мақсатында Солтүстік Кореяға бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды. Бұл мәлімдемені ол Жапонияның отарынан босаудың 79 жылдығына арналған іс-шарада жасады. Юн Сок Ёльдің айтуынша, Пхеньян ядролық қарусыздануға қарай қадам жасаса, Сеул оны экономикалық тұрғыдан қолдауға дайын. Оңтүстік Корея сондай-ақ, алапат тасқыннан зардап шеккен көршісіне гуманитарлық көмек көрсетуді ары қарай да жалғастыратынын жеткізді. БАҚ өкілдерінің есебі бойынша Солтүстік Кореяда жақында болған топан судан мыңнан аса адам көз жұмып, 15 мыңға жуық азамат эвакуацияланған болатын.