Әлем елдері вейпингпен қалай күресіп жатыр?

Таиланд – вейп шегушілер үшін ең қолайсыз мемлекет.

Өйткені оны пайдаланған адам 10 жылға сотталуы мүмкін. Ел билігі туристердің арқасында мол табысқа кенеліп отырса да, вейп шеккен адамның жергілікті тұрғын не шетелден келген саяхатшы екеніне қарамайды. Жаза бәріне бірдей. Үндістанда да жаза қатаң. Мұнда электронды темекімен күрес жүргізу үшін арнайы сайт іске қосылған.

Үндістанда вейп шеккендерді арнаулы сайт анықтайды

Үндістанда электронды темекі мен вейптерге 2019 жылы тыйым салынған. Оларды өндіруге, елге кіргізуге, экспорттауға, сатуға және сақтауға болмайды. Жарнамасына да рұқсат жоқ. Талапқа бағынбағандар айыппұл төлейді. Оның мөлшері 7 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Тіпті бір жыл бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Ережені қайта бұзғандардың 3 жылға сотталуы да ғажап емес. Елде арнайы сайт іске қосылған. Онда кез келген адам электронды темекі мен вейпке қатысты заңды бұзған азаматтар туралы хабарлай алады. Жергілікті биліктің мұндай қатаң талап қоюы бекер емес. Өйткені елде 109 миллион адам шылым шегеді. Сөйтіп, Үндістан тұрғындары темекіні ең көп тартатын мемлекеттердің ондығына кіреді.  

 

Таиландта вейп шеккендер 10 жылға сотталады

Таиландта электронды темекі мен вейптерге қатысты заң одан да қатаң. Ол заттарды өзімен бірге алып жүруге болмайды. Әйтпесе 30 мың бат айыппұл арқалайды. Бұл біздің ақшамен 450 мың теңгеден асады. Ережені бұзғандар тіпті 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы да ықтимал. Бұл заң 10 жыл бұрын қабылданған. Оған тек жергілікті тұрғындар емес, тіпті елге көп келетін туристердің өздері де бағынуға міндетті.

Бірақ соған қарамастан тыйым салынған заттар қара нарықта кеңінен сатылып жатыр. Ондағылар тіпті сатып алушылардың жасына да қарамайды. Сөйтіп қазір мұнда «Тои Подс» деп аталатын вейптер сатылып жатыр. Олардың дизайны мультфильм кейіпкерлеріне ұқсас етіп жасалған. Бас пайдасын ойлағандар осылайша мектеп жасындағы балаларды да арбауына түсіруге тырысып жатыр.  

 

Түркияда жабық жерлерде вейп шегуге болмайды

Түркияда вейп, электронды темекі мен электронды кальянның импортына тыйым салынған. Ол үшін 3,5 мың лира, яғни 50 мың теңге айыппұл қарастырылған. Бірақ ел экономикасы туризмге тәуелді. Сондықтан сырттан келген саяхатшыларға өзімен бірге алып келген құрылғыларын қолдануға тыйым салынбайды. Десе де олардың өзін жабық жерде қолдануға рұқсат етілмейді.  

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.