Жапонияға «Ампил» тайфуны жақындап қалды
Сейсмикалық жағынан аса қауіпті тағы бір ел – Жапонияға «Ампил» дауылы жақындап қалды.
Испанияны су басып, Грекияға ормандағы өрт қауіп төндіріп тұр. Мұндайда ең бастысы – елдің амандығы. Күншығыс елі мен Еуропаның оңтүстігінде табиғат тосын мінез танытып жатыр.
Испан аралдарын су басып, рейстер кейінге шегерілді
Испаниядағы ең ірі Майорка және ең кіші Менорка аралдарында толассыз құйған нөсер соңы алапат тасқынға айналды.
Жолдар бұзылып, көліктер төңкерілген. Бұл аралдар – әлемге әйгілі туристік орындар. Сондықтан табиғи апаттың зардабы жергілікті тұрғындарға ғана емес, шетелдік туристерге де тиіп жатыр. 9 адам зардап шекті. 50-ден астам әуе рейсі кейінге шегерілген. Майорка аралына сарбаздар жіберілді. Олар құтқарушылармен бірігіп, адамдарды қауіпсіз жерге көшіре бастады.
Жапонияға «Ампил» тайфуны жақындап қалды
Жапон жолаушылары да гректердің кебін киіп жатыр. Мұнда «Ампил» дауылы кәріне мінді. Осы сәтке дейін кейінге шегерілген ішкі әуе рейстерінің саны 600-ден асқан. Осының салдарынан 100 мыңнан астам адам жолынан қалды. Бұдан бөлек, елдің шығысы мен солтүстік-шығысында жүрдек пойыздар тоқтатылған. Желдің екпіні – қазірдің өзінде секундына 45 метр. Синоптиктер: «Бүгін дауыл ерекше күшейеді», – дейді. Сондықтан билік тұрғындарға: «Қауіпсіз жерге көшуге дайын болыңыздар», – деп ескертті. Аймақта су тасып, лай көшкіні жүруі мүмкін.
Афинаға алапат өрт қауіп төндіріп тұр
Грекия астанасынан 40-ақ шақырым жердегі Марафон қаласы отқа оранып, 1 адам ажал құшты. Тағы 18 тұрғын жараланған. «Эллада» елінде өрт 12 тамызда тұтанған. Содан бері тілсіз жау 40 мыңнан астам орман ағашы мен егін алқабын жалмап үлгерді. Бірнеше үй күлге айналып, мыңдаған адам жылы орнын суытқан. Грекияда биыл ел тарихындағы ең жылы қыс болды. Содан бері температура төмен түскен емес. Қазірдің өзінде сынап бағанасы 40 градусты көрсетіп тұр.
Элени Миривили, БҰҰ-ның аптап ыстыққа қатысты жағдай бойынша бас директоры:
- Афина маңында жүзден астам үй жанып кетті. Елде жаз бойы күн ерекше ыстық, жауын-шашын атымен жоқ. Барлық өсімдік қурап қалған. Топырақ та өте құрғақ. Сондықтан орманда өрт тез тұтанды. Бәріне өзіміз кінәліміз. Афинаның айналасындағы ағаштарды кесіп, орнына үйлер салдық. Табиғи тепе-теңдік бұзылған.
Халықаралық сарапшының шырылдайтындай жөні бар. «Табиғат – ана, адамзат – бала» дейміз. Бірақ мұны ұғынып жүргеніміз шамалы. Технология тудырып, технократ атанудың мәнін білмей жүрміз. Жарқыратып қала саламыз деп, табиғат-ананы шырқыратып қойдық.
Еуроодақтың Коперникус орталығы: «Жер бетіндегі орташа температура қалыпты жағдайдан 1,5 градустан асып кетті», – деп дабыл қағып жатыр. Яғни, климат өзгерді. Ал біз қашан өзгереміз?