Ыстықкөлдің жағасында этноқалашық қолданысқа берілді
Ыстықкөлдің жағасында алғашқы этноқалашық қолданысқа берілді, деп хабарлайды 24KZ.
Шағын алаңға құрылған ежелгі шаһар келушілерді тарихи құндылықтарымен таңғалдырып жатыр..
Этноқалашыққа келушілер орта ғасырға тап болғандай күй кешеді. Шағын шаһардың негізін қалаушы Бақыт Асылбекулу Х ғасырдың тұрмысын үйлестіріп жасаған. Қабырғалары сазбен сыланып, жібек маталар күннен қорғау үшін қойылған. Келушілер ағаш кереует үстіне төселген кестелі құрақ көрпешеге жайғасып, демала алады. Ал мына Қарахандар дәуіріндегі мұнара алыстан менмұндалайды.
Бакыт Асылбекуулу, этноқалашықтың негізін қалаушы:
- Біз мұнараның қалашықтың дәл ортасында тұрғаны дұрыс деп шештік. Өйткені ежелгі дәуірдегі барлық шаһарда дәл осындай мұнара болған. Ол ежелде Шу өңірінде таралған стильде жасалған.
Мұнараның айналасында қайнап жатқан қазан тұр. Онда палау мен лағман пісіріледі. Ал жаңа піскен қой сорпасы келушілерге тегін таратылады. Бұл – қырғыз қонақжайлығының басты белгісі.
Бакыт Асылбекуулу, этноқалашықтың негізін қалаушы:
- Сол ғасырдағы жағдайды көрсетуге тырыстық. Осыларды құрастыру үшін жарты жылдай уақыт кетті. Көне ыдыстар мен кілем-төсеніштерді іздеп жүріп, әрең таптық. Сондай-ақ мұнда ұлттық тағам әзірлеудің шеберлік сағаттары өткізіледі.
Жиналған меймандар қалашықта бауырсақ пісіріп, самаурынмен шәй қайнатып, ет асудың қыр-сырын меңгере алады. Саяхатшыларға көбіне ғимараттың бас аспазы қолғабыс етеді.
Асылбек Омурбеков, турист:
- Бұл жер – тек туристерге емес, жергілікті тұрғындар да көп келетін ерекше орын. Балаларымыз ежелгі салт-дәстүрімізді біле бермейді. Ал этноқалашықта ұлттық құндылықтарымызды тереңірек танып білесің.
Жақында мұнда жүннен киіз басу, қыш жасау бойынша шеберлік сыныптары ашылады. Олардың барлығы ақысыз.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Бақыт Чермашев.