Әлем бойынша медицина қызметкерлерінің тапшылығы байқалады

Ресейде бүгінде 27 мың дәрігер және 50 мың медициналық орта буын қызметкері тапшы.

Оған әлеуметтік қорғау деңгейі мен еңбекақының төмен болуы және жастардың салаға қызығушылығының азаюы себеп. Бұл әсіресе мемлекеттік мекемелерде қатты байқалуда. Сондықтан қазір дәрігерлердің 28 пайызы жемеменшік клиникаларда жұмыс істейді. Бүгінде көрші елде әсіресе терапевт, педиатр және жалпы тәжірибелік дәрігер жетпейді. Сосын өңірлер арасында айырмашылық бар. Мысалы, 22 аймақта ақ халаттылар жетіспесе, 11-інде керісінше қажетті межеден асып кеткен. Өйткені кадрларды жоспарлау дұрыс жүргізілмейді дейді сарапшылар. Қазір көрші елдің билігі мейлінше көп адамды медициналық жоғары оқу орындарына тартуға тырысуда. Мысалы, жыл сайын  квота санын арттырып жатыр. 

Германияда сырттан келген дәрігер көп

Германияның федералдық сатистика кеңсесінің мәліметінше, келер жылы елде қосымша 150 мың медбике қажет болуы мүмкін. Сондықтан оларды сырттан тарту мүмкіндігі қарастырылуда. Жалпы мұнда жұмыс істейін шетелдік дәрігер көп. Бүгінде жергілікті салада еңбек ететін ақ халаттылардың 12 пайызының, демек 60 мыңдай адамның неміс азаматтығы жоқ. Көбі Сирия, Румыния мен Австриядан келген. Себебі Германияның өзінде медицина қызметкерлері тапшы. Өйткені халқы тез қартайып барады. Сондықтан қарияларға медициналық көмек көрсету үшін қосымша мамандар керек. Бұл бір. Екішіден, жұмысқа қабілетті адам саны да азайып барады. Саладағы мамандардың 28 пайызының жасы 60-тан асып кеткен. Сөйтіп ауруханалар зейнетке шыққан дәрігерлердің орнына адам таппай әлек болып жатады. 

Американдық дәрігерлердің 20% - қарт кісілер

Америкада да дәл солай. Doximity платформасының дерегі,,,елдегі дәрігерлердің 20 пайызы 65-ті алқымдаған қарттар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан 2036 жылы мұнда 86 мың ақ халатты жетпейді деген күдік бар. Бұдан бөлек елде дәрігерлердің жүктемесі жоғары. Соңғы әлеуметтік зерттеу нәтижелері бойынша, медицина қызметкерлерінің 81 пайызы осындай проблема барын айтқан. Сондықтан кәсіби күйреуге жиі ұшырайды. Негізі АҚШ-та дәрігерледің ақшасы жаман емес. Орташа жылдық жалақы 59 мың доллар болса, қалада жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінікі - 400 мың доллар шамасында. Бірақ еңбекақы мәселелесінде гендерлік теңсіздік бар. Статистика бойынша, америкалық дәрігер әйелдер әріптес ер адамдарға қарағанда 102 мың долларға аз табады екен. 

Жұлдыз Атагельдиева