Қызылорда облысында 40 жыл бойы күткен көпір қолданысқа беріледі
Қызылорда облысында 40 жыл бойы құрылысы тұралаған көпір қайта қалпына келтіріліп жатыр.
Бұл Жаңақорған ауданының халқына біраз ыңғайсыздық туғызды. Себебі тұрғындар қазір теміржолды қиып жүруге мәжбүр. Ал ұзын сонар көлік кептелісі үйреншікті құбылысқа айналған. Ал көпір қашан іске қосылады?
Теміржол үстіндегі бұл көпірдің құрылысы 1985 жылы басталған. Негізгі жұмыстар атқарылғанмен, соңына жетпей тұралап қалды. Енді 40 жылдай қараусыз қалған көпір биыл зерттеліп, қайта жаңғыртылады деген шешім қабылданды.
Қайрат Жаханов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Көпірде төрт тіреуіш дейді, соның екеуін шет жағымен көтеріп алып, ауыстыратын бөлшектері бар. Оларды ауыстырамыз. Ортадан көтеретін тіреуіштер бар, олардың бәрін жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары атқарылады.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Жаңақорған ауданының маңайында жиырма мыңдай тұрғыны бар 15 елді мекен бар. Сол ауылдардың барлық автокөлігі осы темір жол арқылы өтеді. Бірақ пойыз келген кезде мына жер жабылып, ұзын-сонар көлік кептелісі пайда болады. Әсіресе көмекке асыққан өрт сөндіруші және жедел жәрдем көліктері ұзақ уақыт осы жерде аялдауға мәжбүр.
Оразбек Ырзаев, Жаңақорған кентінің тұрғыны:
- Пойыз келіп қалады, мал өтеді, ары өтеді, бері өтеді. Жалпы көпірдің болғаны жақсы ғой. Қырық жылдың көлемі болған шығар тоқтап тұрғанына. Арғы бетте қанша ел, халық бар. Мал бар, ел бар, шөп өтеді, басқа өтеді.
Көпірдің ұзындығы 78 метр, ал ені 12 метр болады. Сонымен қатар бір шақырымнан астам екі жолақты жол салынады. Құрылыс сапасы толық бақылауға алынған, дейді мамандар.
Дәулет Өмірәлиев, Жаңақорған аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автожолдар бөлімінің бас маманы:
- Әрбір топырақты 30 сантиметр сайын салмағы 25 тонналық катокпен таптау және соның тапталғанын растайтын лабораториялық қорытындылар алынуда. Тоғыз метр биіктігіне дейін көтеретін боламыз. Одан әрі асфальттау жұмыстары, қоршауларды қою жұмыстары, жүргізіледі кезең-кезеңімен.
Көпірдің құрылысы маусым айында қайта жанданды. Мердігер мекеме оны жыл соңына дейін қолданысқа беруді жоспарлайды.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин