Ресейдегі жаңбыр егін оруға кедергі болып тұр
Ресейде егінге жауын-шашын кедергі болып тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Челябі диқандары барынша амалдап әлек. Мұнда толассыз жаңбыр топырақты ылғалдандырып жіберген. Осының салдарынан диқандар бидай, күнбағыс, қарақұмықты жинай алмай отыр.
Күнбағысқа күн қажет. Бірақ аймақта жаз бойы бұлт арылмаған. Шаруалар өнім алатын мерзімнен 2 аптаға кешігіп жатыр.
Сергей Шерстобитов, шаруа қожалығының басшысы:
- Күнбағысқа дымқыл тисе, гүлденуі қиындайды. Жауын-шашын олар үшін күтпеген құбылыс болды.
Жаңбыр бидай, бұршақ және майлы дақылға да кесірін тигізді. Диқандар оларды жинап үлгерген. Бірақ өсімдіктер ауруға шалдыққан.
Серікбай Ербатыров, агроном:
- Нөсер салдарынан бүкіл облыста септориоз таралды. Тіпті кей жерде дақылдардың түбірі шіріп кеткен.
Шілдеде тасқын жолдар мен көпірлерді шайды. Үйлер, алқаптар мен бау-бақша да су астында қалған. Кейбір аудандарды бірнеше күннің ішінде 2 айлық жауын-шашын мөлшері түскен. Бұл шаруалардың тауқыметін арттырды.
Татьяна Жморщук, Чесме муниципалды ауданының басшысы:
- Күн райы жақсарып, өнімді жинап аламыз деп үміттенеміз. Азық-түлік бағдарламасын толық іске асырамыз деген ойдамын.
Бірақ жаңбырдың әзір басылатын түрі жоқ. Синоптиктер тағы жауын-шашын аралас дауыл соғады деп ескертеді.
Авторы: Ернат Мелсұлы.