Түркиядағы АЭС жергілікті шаруаларға қалай әсер етті?

Түркиядағы «Аккую» атом электр стансысы салынып жатқан Мерсин провинциясының Сифлике ауданының экономикасы 40% өсті, деп хабарлайды 24KZ.

Жергілікті кәсіпкерлер өндірісін кеңейтіп келеді. Ондаған қонақүй ашылды және курорттық аймақтар арасында үлкен магистраль салынды.

Мамандар атом электр станциясын жобалауда экологиялық қауіпсіздікке және оның қоршаған ортаға әсеріне ерекше назар аударған. Бастаманы шаруалар мен тұрғындар қолдады.

Түркиядағы Мерсин провинциясы бағзы заманнан маңызды аграрлық орталық саналады. Бұл топырақта цитрус бақтары, анар, банан, өрік және құлпынай өсіріледі. Тіпті мерсиндік апельсин мен лимонды ондаған ел импорттайды. Яғни, өлке Түркияның сыртқы саудадағы стратегиялық элементіне айналған. Ал «Аккую» АЭС салына бастағалы мұндағы кәсіпкерлік өрлей түсті. Фикрие Сактың лимон плантациясы жақында өнімін береді.

Фикрие Сак, шаруа:

- Әрине, басында қорықтық. Бірақ қазір мұның қауіпсіз екеніне көзіміз жетті. Тауар айналымы да артып отыр. Лимон бақшаларын отбасымызбен өсіреміз. Бұл – атадан балаға мұра болған кәсіп. Енді өнім көлемін арттыруды қалаймыз. Өйткені бақшамызға энергия мен су жеткілікті.

Мустафа Гезер де банан алқабын гүлдендіріп отыр. Мұндағы алып пальмалар құдды тропикалық орманды еске салатындай. Бірнеше жыл ішінде кәсіпкер бақ аумағын 12 шаршы шақырымға жеткізді. Болашақ АЭС-тің аумағы да осындай болмақ. 

Мустафа Гезер, шаруа:

- Біздің отбасымыз «Аккую» жобасын бірден қолдады. Себебі атом стансыларынан алынатын қуатты барлық әлем қолданып жатыр. Түркияға да өз стансысы керек. Қарапайым тұрғын ретінде байқағаным, провинцияға көптеген отбасы көшіп келді. Өнімімізге сұраныс артты, жаңа жұмыс орындары да пайда болды.

Жергілікті шаруалардың провинциядағы АЭС-ын салуды қос қолдап қолдауы бекер емес. Аймақта әсіресе қыстың кезінде жарық жиі сөнетін көреді.

Сауалнама:

- Түркияда АЭС салынатыны жақсы болды. Бұл қауіпсіз әрі ел игілігі үшін пайдалы жоба деп ойлаймын.

- Провинцияда жаңа жұмыс орындары пайда болды. Мерсиннің дамып жатқанын анық көреміз. АЭС салу – дұрыс шешім.

Өндірісті дамыту бойынша мүмкіндіктер де пайда болды. Мәселен, Танер Шенол қалада жеміс-жидек слайсын шығаратын фабрика ашқан.

Танер Шенол, жеміс-жидек слайсын өндіретін компанияның бас директоры:

- Бұл фабрикада біз жемістерді қалдықсыз өңдейміз. АЭС іске қосылғаннан кейін энергия мәселесі шешіліп, өндірісті кеңейте түспекпіз. Жаңа, пайдалы тауарлар шығарамыз. Қызметкерлеріміздің 70%-і – әйел. Олар жұмыс істеп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік алды. Яғни, кәсіпорнымыздың әлеуметтік маңызы зор.

АЭС құрылысы басталғалы аймақтың экономикасы 40% өскен. Қазір Мерсин провинциясының ауыл-қалаларында құрылыс қарқын алды.

Нуреттин Кайнар, Силифке сауда-өндірістік палатасының төрағасы:

- АЭС өндірістік және коммерциялық кәсіпорындарға қатты әсер етті. Тапсырыс көбейген сайын шаруалар мен кәсіпкерлеріміз де дамып жатыр. Аймағымыздың коммерциялық әлеуетін бағамдай келе мұны жақсы нәтиже деп ойлаймыз. Түркияның өзге өңірлерінде АЭС жобалары жүзеге аса бастағанда біздің кәсіпорындардың сұранысқа ие болатынын білеміз.

Провинция аумағында 1,5 мың жаңа кәсіпорын ашылды. Мұндағы мрамор зауыты, қарашірік өндірісі, текстиль өнімдері мен жаңғақты өңдеу цехы халыққа қызмет көрсетіп тұр.  

Абдулла Асланер, Силифке ауданы әкімшілігінің басшысы:

- АЭС жобасы қолға алынғалы өзгеріс болмаған сала жоқ шығар. Экономика, сауда, тұрғын үй саласы да бар. Мысалы, мұнда 20 мыңнан аса тұрғын үй салынды.

Тұрғындар да мемлекетке АЭС қажет екенін айтып отыр. Енді Түркия билігі тағы екі стансыны салуды ойластырып жатыр. Оның бірі Синоп провинциясында бой көтермек. 

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Томирис Біләл, Салауат Ержанұлы.