Африкадан шыққан маймыл шешегі жайылып барады

Африкадан шыққан маймыл шешегі жер-жаһанға жайылып барады.

Ресми ақпарат бойынша қауіпті инфекция қара құрлықтан бөлек, Азия мен Еуропада да тіркелді. Осыған байланысты бірқатар мемлекет сақтық мақсатында әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылауды күшейткен.

Африкадан шыққан маймыл шешегі жайылып барады

Монкей-покс немесе маймыл шешегі ауруы Африка елдерінде асқынып барады. Бүгінде қауіпті вирус қара құрлықтың 13 мемлекетін жайлап алған. Әсіресе Конго Демократиялық Республикасындағы ахуал күрделі. Бір аптаның ішінде індетті жұқтырудың 2000-нан астам жағдайы тіркелген. Ал жыл басынан бергі есеп бойынша бұл елде 15 664 адам науқас деп танылып, 548 азамат қайтыс болған. Бұл туралы осы елдің денсаулық сақтау министрі мәлімдеді.

Айта кетейік, Конго Демократиялық Республикасынан бөлек, Бурунди, Камерун, Гана, Кения, Руанда, Уганда және Оңтүстік Африкада да Эм поксқа қатысты жағдай мәз емес. Бәрінде төтенше жағдай жарияланған.

 

Индонезияда туристерге қатысты бақылау күшейді

Индонезия билігі әлемде маймыл шешегі ауруының таралуына байланысты шетелдік туристердің ағынын бақылауға көшті. Атап айтқанда, кеден бекеттерінде саяхатшылардан денсаулық жағдайы, олардың кіммен байланыста болғаны сұралады. Сонымен қатар туристер нақты қайда бара жатқанын да айтуы керек. Айта кетейік, жыл басынан бері Индонезияда 14 адам маймыл шешегі вирусын жұқтырған.

 

Пәкістанда әуежайлар зарарсыздандырылып жатыр

Пәкістанда да осыған ұқсас жағдай. Инфекцияның шекара асуына жол бермес үшін әуежайлар мен шекара өткелдерінде қажетті шаралар қабылданған. Атап айтқанда, әуе айлағына медицина мамандары тартылып, бөлмелер мен жүктерді жаппай зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ел ішіндегі ауруханалар да дерттің таралуына қарсы дайындық жұмыстарын күшейткен. Мәселен, науқас деп танылған азаматтар Пешавар қаласындағы медициналық мекемеге оқшауланады. Айта кетейік, жуырда Пәкістанда маймыл шешегін жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді. Инфекция Сауд Арабиясынан оралған туристен анықталған.

 

Швецияда маймыл шешегі анықталды

Вирус Еуропаға да тарап үлгерді. Швецияның Стокгольм қаласында М-Покс вирусын жұқтырған бір науқас анықталды. Жергілікті Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпар бойынша ол вирусты Африкадан жұқтырып келген. Қазір бұл азаматқа қажетті күтім көрсетіліп жатыр.