Францияда бидай аз жиналуы мүмкін
Францияда биыл 26 жарым миллион тоннадай астық жиналады деп күтілуде.
Бұл кейінгі 40 жылдағы 40 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Өйткені жаңбыр мол жауған. Енді француз багеті қымбаттай ма деген күдік бар. Өйткені, нанның бұл түрі елдегі инфляция көрсеткіші іспетті. Қыста құрлықтың өзге елдеріндегідей мұнда да фермерлер жаппай ереуілдер өткізген еді. Сондықтан сарапшылар өнімнің аз жиналуы шаруалардың көңіл-күйіне кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.
Африкада жүгері тапшы
Ал Африканың оңтүстігінде орналасқан мемлекеттерге 3 миллион тонна жүгері қажет. Бәріне қуаңшылық себеп. Содан аймақтағы Мозамбик, Ангола, Замбия секілді елдердің өздерінде өнім азайған. Енді олар астықты сырттан жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ сұраныс жоғары болғасын баға да өсуі мүмкін дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде Малави мен Замбияда ол 130-150 пайызға қымбат. Венгрияда да сарапшылар баға өсетінін ескертеді. Мемлекет жүгері өндіруден алдыңғы жиырма елдің қатарына кіреді. Бірақ қуаңшылықтан өнім қурап, биыл екі есе аз жүгері жиналды. Содан фермерлер 600 миллион еуро шығынға батуы мүмкін.
Жапонияда күріш қоры төмен деңгейде
Жапонияда күріш қоры 1999-жылдан бері ең төмен межеге дейін айзайған. Күннің ыстығынан өнім аз жиналған. Бұл бір. Екіншіден, нарықтағы жағдайға туристердің көбеюі де әсер етсе керек. Алғашқы жарты жыл ішінде мұнда 18 миллион саяхатшы келген. Сосын қазір жастар күріш өсірумен көп айналысқысы келмейді. Қарт шаруалардың жасы ұлғайғасын егіс алқаптарында жұмыс істейтін адам да азайған. Жалпы ауа райының қолайсыздығы кесірінен биыл әлемде күріш экспортының көлемі қысқарған. Содан ең ірі өндірушілердің бірі - Үндістан өнімін елден шығаруға шектеу қойды. Себебі мұнда жауын-шашын дұрыс жаумай, жиналған күріш көлемі 8 пайызға азайған. Ал оның қоры өте төмен деңгейде. Сондықтан Үндістан өнімді сырттан импорттау мүмкіндігін қарастыруы ықтимал дейді сарапшылар.
Жұлдыз Атагельдиева