Қырғызстанда оқушыны мектепке дайындауға қанша сом жұмсалады?
Қырғыз базарларында қазір адам қарасы қалың. Бәрі балаларын мектепке дайындау қамымен жүр, деп хабарлайды 24kz.
Бірақ биыл баға былтырғыдай емес, біршама қымбаттаған.
Умар мұндай костюмді алғаш рет киіп тұр. Санаулы күннен кейін ол дәл осы киімімен тұңғыш рет мектеп табалдырығын аттайды. Сондықтан болашақ оқушының анасы Жаркынай Замирбекова қазір ұлын мектепке дайындау қамымен шапқылап жүр.
Жарқынай Замирбекова, ата-ана:
- Бәрі қымбат. Не болса да қалтамызға қараймыз ғой. Ақшамыз жеткенше қажеттінің бәрін алуға тырысамыз. Костюмнен бастап отырмыз. Кейін көйлек, сосын аяқ киім сатып аламыз.
Спорттық киім, жейде мен кроссовка тағы бар. Олардың бағасы 1000 сомнан басталады. Біздің ақшамен шамамен 5,5 мың теңге. Сатушылардың айтуынша, биыл сатып алушылар қарасы былтырғыға қарағанда біраз азайып қалған. «Бұрын тамыздың ортасында күніне 20-дан аса костюм сатылса, қазіргі көрсеткіш одан екі есе төмен», - дейді олар.
Жамиля Гаджиева, сатушы:
- Баға өсті. Костюмнің өзіндік құны да көтерілді. Соған қарамастан, біз киімді қатты қымбаттата алмаймыз. Себебі қымбат костюмді сатып алуға ата-аналардың қалтасы көтермейді. Кейбіреулер үшін 2 мың сомның өзі кәдімгідей салмақ. Жалғыз бала болса мейлі, кей отбасыларда 3, 4, 5 баладан бар. Сондықтан түсіністікпен қарауға тырысасың.
Жоғары сыныпта оқитындардың жағдайы біршама жеңіл. Александр Тихонов биыл 11-сыныпқа өтті. Мектептегі соңғы оқу жылы болғандықтан, үнемшілдік танытып, тек кеңсе заттарына ғана шығындалған.
Александр Тихонов, оқушы:
- Киімдердің көбін былтыр алғам. Бәрі жарамды. Сондықтан шығын да аз шықты.
Кеңсе заттары бөлімінде сатып алушылардың көптігі сонша, сатушылар оларға қызмет көрсетіп үлгермей жатыр.
Эргеш Шерматов, сатушы:
- 10-15 күн жұмысымыз қарбалас болады. Қазір бір контейнерде 4-5 адам болып жұмыс істеп жатырмыз. Қалам-қағаз көтерме бағамен сатылуда. Орташа алғанда бір оқушыға 1,5 мың сом кетеді.
Жалпы жаңа оқу жылына бір баланы толық киіндіру үшін ата-аналар 10-15 мың сомға шығындалады. Оның өзінде киім-кешекті базар мен арнайы жәрмеңкелерден сатып алуың керек. Себебі дүкендегі баға тым жоғары.