Корея 2038 жылға дейін ядролық алты реакторды іске қосады

Оңтүстік Корея алдағы 14 жылда 6 жаңа ядролық реакторды іске қосады.

Бұл туралы осы елдің ақпарат агенттігі хабарлады.  Кореяның мемлекеттік стратегиясы 2038 жылға қарай көмірқышқыл газын шығармайтын энергия көздерінің үлесі қазір 40 пайыз болса, алда 70 пайызға дейін арттыруды көздейді.

Ал оңтүстіккореялық тұрғындар ядролық қондырғылардың санын көбейтуге қатысты не ойлайды? Атом электр станциясының жанында тұру қаншалықты қауіпті?

Владислав Цой, тілші:

- Кичан округі Оңтүстік Кореядағы ядролық энергияның отаны болып саналады. Мұнда 1978 жылы атом электр станциясының бірінші энергоблогы іске қосылды. Оңтүстік Корея үкіметі оның құрылысына 300 миллион АҚШ долларын жұмсады, бұл сома сол кезде мемлекеттік бюджетінің төрттен бірін құраған. Бұл қаражат АҚШ пен Ұлыбританиядан қарызға алынған. 

Кори - Оңтүстік Кореядағы ең ірі және әлемдегі екінші атом электр станциясы. Оның алғашқы төрт энергоблогы 1978 жылдан 1986 жылға дейін америкалық технологиямен  салынған. Ал 2006 жылы жергілікті инженерлердің жобасы бойынша төрт жаңа энергоблоктың құрылысы басталды. Осылайша онтүстіккореялық ядролық технология дами бастады. Әр атом электр стансасының жанында ядролық нысанның жұмыс істеу принциптері графикалық түрде түсіндірілетін ақпараттық орталық бар. 

АЭС жанындағы Кичан уезінің тұрғындары да Кори атом электр станциясы қалай жұмыс істейтінін біледі. Олардың айтуынша, түрлі ұйымдар бұл жердің радиациялық фонын үнемі өлшейді және радиация көрсеткіштері нормаға сәйкес келеді. Ауылда негізінен зейнеткерлер тұрады. Бірақ Кичан соңғы жылдары үлкен қалаға айналды, өйткені мұнда тұрғындарға  барлық жағдай жасалған.

Ким Сын Гын, Кичан уезінің тұрғыны:

-  Мен 70 жастамын, туылғаннан бері осында тұрамын. Құрылыс компаниясында жұмыс істедім, осы атом электр станциясын салдық. Біз қалыпты өмір сүріп жатырмыз. Жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұрамын. Денсаулыққа қатысты проблемалар жоқ. Үш балам, немерелерім бар.

Пэк Сук Кым, Кичан уезінің тұрғыны:

- Менің жасым 76-да. Балық аулау компаниясында 30 жыл жұмыс істедім. Атом электр станциясына дейін бұл жерде жағажай болған. Атом электр станциясының артықшылығы – жергілікті тұрғындарға электр қуатын төлеу кезінде жеңілдіктер қарастырылған. Айына шамамен 17 мың вон.

 Оңтүстік Кореяның Кори-1 бірінші ядролық реакторы өзінің қырық жылдық жұмыс мерзімін аяқтады. Билік Оңтүстік Кореяда атом энергетикасының дамуына негіз болған энергоблокты бұзып, есесіне топырақтың құнарлы қабатын қалпына келтірмек. Үкімет бұл жұмысты 2032 жылдың желтоқсанына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ол үшін 569 миллион АҚШ доллары жұмсалмақ. Қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда 23 атом энергетикалық блогы бар, олар елдегі барлық электр энергиясының үштен бірін өндіреді. Билік атом энергетикасын әрі қарай дамытуды көздеп отыр. Үкіметтің жоспары бойынша 2038 жылға дейін шамамен 6 жаңа реактор іске қосылады. 

Владислав Цой, Ольга Лян