Тәжікстанның шекара қызметі маймыл шешегіне байланысты бақылауды күшейтті
Африкадан шыққан маймыл шешегінің күн өткен сайын кеңінен етек жайып бара жатуына байланысты
әлем елдері бірінен соң бірі инфекциямен күрес шараларын қабылдап жатыр. Атап айтқанда, әуежайлар мен шекара бекеттерінде бақылауды күшейтуде. Бірақ Еуроодақ бұл шарадан бас тартып отыр. Неліктен?
Тәжікстанның шекара қызметі маймыл шешегіне байланысты бақылауды күшейтті. Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, Инфекцияның елге енуін болдырмас үшін осы ауру бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес тосқауыл қойылады. Әсіресе визуалды тексеру көбірек болады. Бұдан бөлек, халық арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары қолға алынбақ.
Туристерге қатысты бақылау күшейді
Ал Индонезия билігі әлемде маймыл шешегі ауруының таралуына байланысты шетелдік туристердің ағынын бақылауға көшті. Кеден бекеттерінде саяхатшылардан денсаулық жағдайы, олардың кіммен байланыста болғаны сұралады.
Пәкістан болса, әуежайларды зарарсыздандыруды қолға алды. Ол үшін әуе айлақтарына ондаған медицина маманы тартылған. Олар бөлмелер мен жүктерді жаппай дезинфекциялайды. Ақ халаттылар, сондай-ақ Пешавар қаласындағы аурухананы науқас азаматтар жататын карантиндік орынға айналдырған.
Аргентинада жүрген сауда кемесі маймыл шешегі күдігімен карантинге жіберілді
Аргентинада Либерия туымен жүрген сауда кемесі карантинге жіберілді. Себебі экипаж мүшелерінің бірі маймыл шешегі ауруын жұқтырған болуы мүмкін. Қауіпті инфекцияның белгілері жайлы бірінші болып кеме капитаны хабарлаған. Осыған байланысты медицина мамандары дереу су көлігі бортына көтеріліп, тиісті анализдер алған. Оның нәтижесі шықпайынша экипаж мүшелерінің ешқайсысына кемеден тыс жерге кетуге рұқсат жоқ. Айта кетейік, Аргентинадан астық тиеуге келген кеме қазір Росарио қаласы маңындағы Парана өзенінде тұр.
Еуроодақ маймыл шешегіне байланысты бақылауды күшейтпейді
Өз кезегінде Еуроодақ өкілдері маймыл шешегінің таралуына қарсы күрес ретінде қосымша шара қабылдаудан бас тартып отыр. Яғни шекара бекеттеріндегі бақылау күшеймейді. Тұрғындарды вакциналау науқаны жүргізілмейді. Себебі жұрттың жаппай вирус жұқтыру қаупі өте төмен. Еурокомиссияның Денсаулық сақтау саласындағы қауіпсіздік комитеті жуырда осындай шешім қабылдады.
ДСҰ: Маймыл шешегі коронавирус емес
Маймыл шешегі күн өткен сайын кеңінен етек жайып жатқанымен, әлем елдеріне коронавирус пандемиясы секілді қауіп төндіріп тұрған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері жуырда осындай мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, аталған вирустың тез таралуына жол бермеудің тиімді шаралары да бар. Соның бірі халықты жаппай вакциналау. Естеріңізде болса, өткен аптада дәл осы ұйым маймыл шешегіне қатысты жаһандық деңгейдегі төтенше жағдай жариялаған еді.