ДДСҰ: Екпе маймыл шешегінің тез таралуына жол бермейді
Маймыл шешегіне қарсы екпе жасайтын фармацевтикалық компаниялардың табысы артты, деп хабарлайды 24kz.
Өйткені қазір олардың өнімдеріне сұраныс жоғары. Жұмыстары да қауырт. Маймыл шешегі өршіп тұрған Африкаға тегін препараттар жіберіп жатыр. Ал мамандар «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді. Түрлі індеттердің тез таралуына жол бермес үшін дер кезінде екпе салдырып отыруға үндейді.
Жаһандық деңгейде төтенше жағдай жарияланған маймыл шешегінің тез таралуына жол бермеудің тиімді әдісінің бірі – халықты жаппай вакциналау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері осылай деп отыр. Екпе АҚШ пен Еуропа елдерінде қолжетімді болғанымен, Африка мемлекеттерінде ондай мүмкіндік жоқ. Ал індет дәл осы құрлықта, әсіресе, Конго демократиялық республикасында өршіп тұр. Сондықтан мамандар дәріні теңдей бөлуге шақырады. Бұл ретте АҚШ пен Жапония Конгоға маймыл шешегіне қарсы тегін екпе жіберетін болды. Оның алғашқы партиясы келесі аптада жету керек. Орталық Африкада орналасқан бұл мемлекетке вакцинаның 3 миллион дозасы қажет. Мұнда ауруды 16 мың адам жұқтырған. Солардың 3%-і қайтыс болған.
Даниядағы фармацевтикалық компанияның акциялары қымбаттады
Осы маймыл шешегіне қарсы екпе жасайтындардың бірі – Данияның Bavarian Nordic биотехнологиялық компаниясы. Оның препаратын 2022 жылы қолдануға рұқсат етілген. Екпе жасы 18-ден асқан адамдар үшін қолжетімді. Енді өндіруші оны 12 мен 17 жас аралығындағы жеткіншектерге қолдануға рұқсат алуға ниетті. Өткен аптада Еуроодақтың дәрілік заттар жөніндегі агенттігіне тиісті сауал жолданған. Рұқсат берілсе, вакцина биыл төртінші тоқсанда жасөспірімдерге салына бастайды. Бұдан бөлек ,өндіруші 12 жасқа дейінгі балаларға клиникалық сынақ жүргізуге дайындалып жатыр. Жалпы өткен аптада маймыл шешегіне қатысты әлемдегі жағдай ушыққалы осы даниялық компанияның акциялары 45%-ке қымбаттаған. Сарапшылар оның табысы тек арта түсетінін болжайды. Есептеулерінше, келер жылы фирма екпенің 10 миллион дозасын шығарса, бір миллиард долларға дейін пайда көруі мүмкін.
Газа секторында полиомиелитке қарсы екпе науқаны басталады
Ал Газа секторында полиомиелитке қарсы жаппай вакциналау науқанына дайындық жүріп жатыр. Егу жұмыстары бірнеше күн ішінде басталу керек. Мамандар 10 жасқа дейінгі 640 мың балаға екпе салуды жоспарлап отыр. Ол үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинаның бір жарым миллионнан аса дозасын шығаруға өз рұқсатын берген. Енді оның атыс-шабыс жүріп жатқан аймаққа жеткізілуі мен сақталуын ЮНИСЕФ өкілдері қадағалауы тиіс. Бұл аурудың лас су арқылы тарайтыны белгілі. Ал аймақта тіршілік нәріне қатысты қиындық көп. Жаппай екпе әне-міне басталады деп жатқанда, өткен аптада Газа секторында полиомиелиттің алғашқы дерегі белгілі болды. Оны 10 айлық бүлдіршін жұқтырған. «Енді аурудың таралуын болдырмас үшін жергілікті халықтың 95%-іне екпе салу керек», - дейді дәрігерлер.
Екпе 697 мың баланы аман алып қалуға көмектеседі
Мамандар ауру өршіген кезде ғана еске алмай, жылдан жылға вакциналау науқанын кеңейтіп отыру керектігін айтады. Бұл ретте британдық және сингапурлық ғалымдар болжау негізіндегі зерттеу жүргізген. «Соған сәйкес, пневмококқа қарсы екпе жұмыстары кең ауқымда жүргізілсе, 2030 жылға дейін 697 мың баланы аман алып қалуға болады», - дейді олар. Ғалымдар 112 елдегі жағдайды саралаған. Вакцина бұл мемлекеттерде бала өлімінің ғана емес, 31 миллион жаңа деректің алдын алуға көмектесетінін айтады. «Әсіресе, Африкада тиімділігі жоғары болады», - дейді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева