АҚШ-тың барлау қызметі: Иран Трамп мен Харрис штабтарына кибершабуыл жасады

Дональд Трамп пен Камала Харрис штабтарына жасалған кибершабуылдардың артында Иран тұр. АҚШ-тың барлау қызметі ресми Тегеранға осындай айып тақты, деп хабарлайды 24kz.

Естеріңізде болса, тамыздың 10-ы күні Трамптың сайлауалды штабы ішкі хат алмасу құпиясы бұзылғанын мәлімдеген еді. Дәлірек айтқанда, поштаға зиянды сілтемелері бар электронды хаттар жіберілген. Ал 13 тамызда Камала Харрис штабы да дәл осындай шабуылға тап болғанын хабарлады. Осыған байланысты Федералды тергеу бюросы мен барлау қызметі бірлескен мәлімдеме жасап, Америка президенті сайлауына Иранның араласып жатқанын жариялады. Олардың дерегі бойынша шабуыл жасаған хакерлік топтың Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусымен байланысы бар. Алайда ресми Тегеранның БҰҰ-дағы өкілдігі бұл айыптауды негізгіз деп атады.