Мордовияда бал аралары жаппай қырылып қалды
Мордовалық омарташылар Роcсельхознадзор мекемесіне шағым түсірді, деп хабарлайды 24KZ.
Олар 2 мың бал арасын қырып тастаған кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр. Бұдан бөлек, 40 адам зардап шеккен.
Хабарға қарағанда, шаруалар аймақтың бірнеше ауданында бір мезетте алқаптарға пестицид сепкен. Бал араларының қырылуына химикаттың осы түрі себепші деген жорамал бар.
Жартығасырлық тәжірибесі бар омарташы Виктор Косынкин мұндай жағдайды өмірінде бірінші рет көріп отырғанын айтады. Бұрын омартасындағы 70 арадан 3 тоннаға жуық бал алған ол: «Енді 500 келі жинасам, жақсы болар еді», – деп отыр.
Виктор Косынкин, омарташы:
- «Жерді өңдейсіздер ме?», – деп сұрап едім, «Жоқ», – деп жауап берді. Ертеңіне келсем, барлық ара қырылып қалыпты. 3 жыл бұрын да алқаптарды зиянкестерге қарсы улаған еді. Бірақ ол кезде араларымыз аман қалды. Демек бұл жолы олар басқа пестицид сепкен.
Жақын маңдағы омарталардың барлығында осы жағдай. Бал аралары бір сәтте қырылып қалған. 4 ауданда 2 мыңға жуық ара өлген. Көп тұрғын үшін омарташылық кәсіп – табыс табудың жалғыз көзі.
Анатолий, омарташы:
- Әрі қарай не істерімді білмей тұрмын. Сатып алуға шамам жоқ. Сатып алған жағдайдың өзінде де тағы улап, қырып тастаса, не істеймін?
Омарташылар бал араларына бәле диқандардан келді деп есептейді. Егіс алқаптарын дұрыс уламаған не зиянды препарат сепкен деген пікірде. Бірақ шаруалар омарташылардың уәжін жоққа шығарды. «Барлық заң талаптарын сақтадық», – деп мәлімдеген. Амалы таусылған омарташылар ақыры құзырлы мекемеге шағымданды. Рапс дақылын зертханаға тапсырып көріп еді, сынама нәтижесі өсімдікте өте қауіпті пестицид-фипронил барын анықтап берді.
Иван Биушкин, Россельхознадзор басқармасының бөлім басшысы:
- Тексеру барысында заңбұзушылық анықталды. Сонымен бірге пестицидтерді қолдану регламенті дұрыс сақталмаған және омарташыларға дұрыс ескертпеген.
Сынама-зерттеудің толық нәтижесі қолдарына тиген соң омарташылар сотқа шағым түсіре алады. Ал әзірге агрокомпаниялар 10 мыңнан 100 мың рубльге дейін айыппұл төлейді.