2035 жылға қарай аралар жер бетінен жойылып кетуі мүмкін

2035 жылға қарай әлемде бал араларының жойылып кету қаупі бар.

Жаһандық жылыну салдарынан қазірдің өзінде Солтүстік Америка, Еуропа, Оңтүстік Африка омартасында бал аралары қырылып жатыр. Былтыр Бразилияда 100 миллионнан аса жәндік жойылды. Жалпы әлемде кейінгі 7 жыл ішінде шамамен аралар саны 15 миллионға азайған. Бұл жағдайға әсіресе экономикасы араға тәуелді елдер алаңдаулы.

Альберт Эйнштейннің айтқан сөзі бар: «Адамзат ауасыз 3 минут, сусыз 3 күн, ал аралар болмаса, 4 жыл ғана өмір сүре алады». Бұл арқылы ол не айтқысы келді? Аралар жойылса, не болады?

Аралар жер бетінен жойылып кетуі мүмкін

Аралар жыл сайын жаһандық экономикаға 150 млрд АҚШ доллар табыс әкеледі. Жалпы азық-түліктің 90%-і өсімдіктен алынатын ескерсек, оның 75%-ін аралар тозаңдырады. Яғни, араларсыз алма, банан, жүзім, қарбыз, шабдалы, авокадо, тіпті кофе болмай қалады. Ара болмаса, сүт өнімдері де жоқ. Өйткені сиыр, жылқы мен қой-ешкіге аралар ғана тозаңдандыратын жоңышқа ауадай қажет. Кейінгі 30 жылда аралардың 20 мыңнан астам түрі болса, соның 4 мыңдайы жойылған. Ғалымдар: «Бұл үрдіс жалғаса берсе, 2035 жылға қарай адамзат аралардан біржола айырылып қалуы мүмкін», – дейді.

Флой Перес, омарташы:

- Арасыз адамзат бір күн де өмір сүре алмайды. Аралар кішкентай шөптен бастап, алып қарбыздарға дейін тозаңдандырады. Араның қатысы жоқ өсімдік жоқ деуге болады.

Англиядағы жетекші корольдік экономикалық қауымдастықтың логотипі ара бейнесінде болуы да кездейсоқ емес. Бұл идеяны экономика саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Мид ұсынған. Осылайша, ол экономикалық теорияда күрделі идеяның мысалын іздегенде шабыт алу үшін араға жүгінген. 

 

Экономикасы араға тәуелді елдер

Өйткені бірқатар елдің экономикасы осы араларға тәуелді. Мәселен, қарапайым банан. Латын Америкасындағы банан өсіретін көшбасшы елдер жыл сайын орта есеппен 13 миллион тонна, Азия 2 миллион тонна, Африка 600 мың тоннадан экспорттайды. Азияда мақта, майлы дақылдар мен жемістің алуан түрі – негізгі ауылшаруашылық өнімдері. Олар Қытайдың ЖІӨ-нің 4% құрайды. Африка экономикасы да жемістер мен көкөністердің ерекше түрлерін өсіру арқылы өркендеп отыр. Ал бұл дақылдардың барлығын аралар тозаңдандырады. Бал араларын айтпағанда, араның басқа түрлерінен келетін табыс жыл сайын 30 миллиард АҚШ долларына жетеді. Соған қарамастан олардың популяциясы жыл өткен сайын азайып келеді. Ғалымдардың пайымдауынша, бұған ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылатын пестицид кінәлі.  

«Бұл жәндіктердің қырылуына негізгі себеп – Varroa destructor паразиті, онымен күресу өте қиын. Сондай-ақ араларды фермерлер зиянкестермен күресу үшін қолданатын никотинді инсектицидтер өлтіреді. Бұдан бөлек, бей-берекет құрылыс салдарынан экожүйелер бұзылып жатыр. Бұған жаһандық жылынудың да теріс әсері бар. Аралардың жылдық қырылуы 20% деңгейінде сақталса, 2035 жылға қарай олар толығымен жойылып кетуі ықтимал», – Сэмюэл Бофф, энтомолог.

Аралар жойылып кетсе, киімсіз қалуыңыз да ғажап емес. Қазірде әйелдер киімінің 60%, ерлер киімінің 75% мақтадан тұрады. Өйткені мақта – киім өнідірісіне ең қажетті материал. Ал аралар осы мақтаның өсуіне және оның жетілуіне әсер етеді. Әрі мақта өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып отыр. Ең қарапайым жейде мен джинсы шалбарлар да осы мақтадан алынады. 

Бір ара өмірінде 5 грамм бал береді. Бір қасық бал алу үшін оны жинауға 200 ара тынбай жұмыс істейді. Олар гүлдерден 60 г балшырын жинап, ұяға әкелу керек. 200 араның салмағы – бар болғаны 20 г. Аралардың өмірінің қысқа болуының басты себебі – осы қажырлы еңбегі.