Қытай мен Еуроодақ арасындағы «сауда соғысы» қыза түсті

Қытай билігі Еуроодақ елдерінен келетін сүт өнімдеріне қатысты тергеу бастады.

Өйткені жергілікті өндірушілер тарапынан еуропалық субсидия бағдарламаларына қатысты шағым көбейген. Бұл – Еуроодақтың шешіміне жауап ретінде жасалған қадам. Ондағылар Қытайдан импортталатын электр көліктеріне қосымша баж салығын енгізген. Өз айтуларынша, шығыстағы  көрші ел билігі өз компанияларына көп субсидия бөліп, жасанды түрде темір тұлпарларының бағасын түсіреді. Содан кәрі құрлықтағы электромобиль өндірушілері шығынға батуы мүмкін. Енді Бейжіңнің сүт өнімдеріне қатысты тергеуі бір жылға жалғасады. Қажет болса, тағы жарты жылға созылуы мүмкін. Ресми дерек бойынша былтыр Қытайға Еуроодақтан экспортталған сүт өнімдерінің көлемі 1,7 миллиард еуроға жеткен.