Шетелде зорлық-зомбылықпен қалай күреседі?

Әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде кемі бір рет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болады.

Санмен есептегенде 736 миллион адам. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымы келтірген дерек. Өкініштісі сол, нәзік жандардың көбі бұрынғы немесе қазіргі жұбайынан зәбір көреді екен.

Кейінгі жылдары әйелдің ар-намысына тиіп, қиянат жасау жағдайлары көбеймесе, кемитін түрі жоқ. Әбес әрекеттер, әсіресе өмір сүру деңгейі төмен елдерде жиі кездеседі. Қолда бар мәлімет бойынша әйелдерге қоқан-лоқы көрсету бойынша Кирибати, Фиджи, Папуа-Жаңа Гвинея секілді мемлекеттер көш бастап тұр. Бұл елдерде 15 пен 49 жас аралығындағы қыз-келіншектердің жартысынан астамы серігінен физикалық не жыныстық тұрғыда зәбір көреді. Қара құрлықтағы экваторлық Гвинея, Конго, Уганда мен Либерия, Оңтүстік Судан мен Замбия да әйелдерге жиі қиянат жасалатын мемлекеттер қатарында. Ал ұрып-соғудан төзімі таусылған қыз-келіншектердің құзырлы органнан көмек сұрауға мүмкіндігі жоқ. Елдерде тиісті заң да қабылданған. Бірақ көп жағдайда нәтиже бермейді.

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң көбіне дамыған елдерде тиімді жұмыс істейді. Мәселен, кәрі құрлық елдерінде әйелдердің әлсіздігін пайдаланып, күш көрсеткен немесе өлтірген адамдар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Мәселен, бұрымдылардың өмір сүруі үшін әлемдегі ең қолайлы әрі қауіпсіз саналатын Швецияда жарына қол көтерген еркек 2 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Әйелі жұбайымен татуласып, өтінішін кері қайтарып алған күннің  өзінде қылмыстық істі тергеу тоқтамай, сотқа дейін жеткізіледі. Осыдан 25 жыл бұрын Швецияда әйелдердің дербестігі туралы заң қабылданған. Ол бойынша нәзік жандарға қол көтеру былай тұрсын, психологиялық зақым келтірген адамдар да жауапқа тартылады.

Өткен айдың соңында АҚШ сенаты балаларды қауіпті онлайн контенттен қорғауға бағытталған заң жобасын қабылдады. Бұл – америкалық заң шығарушылардың ондаған жылдар бойы технологиялық компаниялар келтірген зиянға қарсы бағытталған шешімі. Егер аталған заң жобасы көп ұзамай заңға айналса, компаниялар онлайн платформалардағы зорлық-зомбылық, суицид, нашақорлықты, жыныстық қанау мен темекі-алкоголь секілді заңсыз өнімдер мен әрекеттерді балаларға жарнамалауды доғаруы тиіс болады.

Жалпы Америка Құрама Штаттарының заңнамасында әрбір бала ел конституциясы мен федералды заңдармен бекітілген бірқатар құқыққа ие. Атап айтқанда, әр баланың қауіпсіз ортаға, сапалы тамақтануға, білім алуға құқығы бар. Ата-аналар балаларының негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруы керек. Заңдарда мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғауға да көп көңіл бөлінген.

Үндістанда дәрігерлердің 75%-і зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ел ішінде арнайы жүргізілген зерттеу қорытындысы осындай. Бұл елде заң бойынша медицина қызметкеріне күш көрсеткен адамға 1 миллион рупий айыппұл салынады. «Бірақ мұның өзі нәтиже бермей отыр», – дейді сала мамандары. Жалпы бүгінде әлемнің 162 елінде тұрмыстық, ал 147-сінде жыныстық зорлық-зомбылық туралы заң қабылданған. Алайда олар күшіне енгенімен, бәрі халықаралық стандарттарға сай келеді деуге келмейді. Сонымен қатар томпақ тұстары көп.