Әлем елдерінде еңбек демалысының ұзақтығы қандай?
Еңбекті қорғау дегенде бірден ойға демалыс келеді.
Оның ұзақтығы әр елде әртүрлі. Мысалы, Иранда демалыс күндері көп. Олардың саны 50-ден асады. Заңмен минималды еңбек демалысы ретінде 26 күн қарастырылған. Шамамен тағы осыншама күн мемлекеттік мереке саналады. Кувейтте ақылы еңбек демалысы 30 күннен асады. Бұдан бөлек бір мекемеде екі жылдан астам қызмет еткен жұмысшы қажылыққа бару үшін қосымша 21 күн ала алады. Люксембургте мемлекеттік сектор қызметкерлері 32 күн демалуға құқылы. Жұмысшының жасы 55-тен асқанда, тағы 4 күн қосылады. Ал дамыған елдер арасында ең қысқа ақылы еңбек демалысының бірі Канадада. Мұнда тұрғындардың дені орта есеппен 10 күн демалады. Бір қызығы, экономикалық даму жағынан әлем елдерінің алдына шыққан алпауыт АҚШ-та ақылы еңбек демалысы заңмен қарастырылмаған. Мұны жұмыс беруші өзі шешеді. Статистика бюросының дерегінше, еңбек өтілімі 5 жылдан асатын қызметкерлер орта есеппен 15 күн демалады екен.
Жаңа Зеландияда қолайлы еңбек жағдайы жасалған
YOUTUBE.COM/WELLINGTONNZ
Әлемде еңбек шарттары ең жақсы елдердің ішінде бірінші орында Жаңа Зеландия тұр. Мұнда қызметкерлер жыл сайын 32 күн демалуға құқылы. Декреттік демалысқа 26 апта беріледі. Ал денсаулығына байланысты демалыс алғанда қызметкерге заңмен оның 80 пайызы төленеді. Сосын елде әлем бойынша жалақысы жағынан гендерлік теңсіздік деңгейі де төмен. Көрсеткіш 14 пайызға тең. Басшылық лауазымдағы әйелдер орта есеппен 5900 жаңа зеландиялық доллар көлемінде айлық алады. Бұл біздің ақшамен бір миллион 700 мың теңгеден асады.
Төрт күндік жұмыс аптасының тиімділігі
Қазір көп елде 4 күндік жұмыс аптасының тиімділігі жайлы жиі айтылып жүр. Солардың бірі - Испания. Мұнда бірнеше жыл тиісті тәжірибе жүргізілген. Валенсия қаласындағы мекемелер уақытша 4 күндік жұмыс аптасына көшкен. Сөйтіп он қатысушының жетеуі оны қолдап отыр. Өйткені бұл жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретінін айтады. Күйзелістен арылып, аз шаршайтын болған. Ал қалада көлік қозғалысы азайып, ауа сапасы жақсарған. Бірақ таяқтың екі ұшы бар демекші, тәжірибе кезінде бос уақытында шылым шегіп, ішімдік ішетіндер саны көбейген. Дүкендердің пайдасы азайған. Сонымен қоса шұғыл медициналық көмек қызметкерлерінің жұмысы артқан. Бірақ соған қарамастан дамыған мемлекеттердің көбі 4 күндік жұмыс аптасын қолдап, түрлі тәжірибелер жүргізуде. Солардың қатарында Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Исландия, Франция бар.
Жұлдыз Атагельдиева