Қытай шетелдіктер үшін виза талаптарын жеңілдетті

Қытай шетелдіктер үшін виза талаптарын тағы жеңілдетті, деп хабарлайды 24kz.

Енді көрші елге 59 мемлекеттің азаматтары келе алады. Тек бұл жеңілдік елдің санаулы портында ғана жүзеге асады.

Сөйтіп, виза саясатын оңтайландырудың арқасында Қытайға миллиондаған шетелдік ағыла бастады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қазір Қытай билігі пандемия кезінде тұралап қалған туризмді дамыту үшін түрлі амалдарға барып жатыр. Визаға қатысты жаңа саясат саяхатшыларға ыңғайлы. Шетелдіктердің Қытайға келуін жеңілдетуге бағытталған. Енді туристер 144 сағаттық транзит кезінде виза рәсімдеуге міндеттелмейді. Алайда ол Қытайдың барлық бөлігінде емес.

Бұған дейін бұл Гонконг пен Макао сияқты арнайы әкімшілік аудандарынан және Халықаралық оңтүстік-шығыс Азия елдерінің қауымдастығына кіретін мемлекеттерден келетін туристер тобына ғана қолжетімді еді. Тың бастама тиімділігін көрсетіп, туризм саласы жанданды. Енді ел билігі бірден визаға қатысты кедергілерді барынша азайтты. Бұл жеңілдіктер елге 5,9 миллион шетелдік турист тартуға мүмкіндік берді. Бұл жөнінде Қытайдың Ұлттық көші-қон әкімшілігінің ресми өкілі брифинг кезінде мәлімдеді.

Лю Хайтао, Қытайдың ұлттық көші-қон әкімшілігі директорының орынбасары:

- Біз визасыз режимді жеңілдетуға бағытталған 110 шара қабылдадық. Бұл шетелдіктердің Қытайға сапарын әлдеқайда жеңілдетті. Ең алдымен саяхатшылар үшін ашықтық, ақпаратқа қолжетімділік пен қауіпсіздік артты. 144 сағаттық визасыз транзит саясаты туралы лезде тарап, сұраныс артты. Қазір бұл 37 портта 54 мемлекеттің азаматтары үшін қолжетімді.

144 сағаттық визасыз транзит саясаты 37 портта ғана жүреді. Жыл басынан бері Қытайға осы порттар арқылы 17 миллион 250 мыңнан астам шетелдік саяхатшы кірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 130%-ке көп. Сонымен қатар Хайнань туристік аймағына 59 мемлекеттің азаматы 30 күн бойы визасыз саяхаттай алады.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, Қытайға келген әрбір шетелдік турист орта есеппен тәулігіне 484 АҚШ доллары шамасында қаражат жұмсаған. Осының арқасында туризмнен түскен табыс артты. Кейінгі 7 айда шетелдік туристерден 381 миллиард АҚШ доллары түсіпті. Айта кету керек, елдің ішкі туризмі қарқынды дамып келеді. Алғашқы жарты жылдықта 2 миллиард 725 миллион адам Қытай ішінде саяхаттаған. Бұл 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15%-ке көп.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы