Биыл әлем елдерінің білім беру жүйесінде біраз өзгеріс болады
Биылғы жаңа оқу жылында әлем елдерінің білім беру жүйесінде біраз өзгеріс болады, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, АҚШ телефон ұстауға тыйым салып жатыр. Ал, Британ мектептері кейбір пәндердің оқыту форматына өзгерістер енгізеді.
Қазір қоғамды жайлаған жағымсыз жайттар көп.
Жас ұрпағының қамын ойлаған елдер алдымен мектепте дұрыс білім беруге ден қойып отыр. Сонымен, биылғы жаңа оқу жылында қандай өзгерістер бар?
Англия оқушылары медисауаттылықты үйренеді
Биыл Англия мектептерінде медиасауаттылық негіздері, дәлірек аятқанда, экстремизм мен Fake news туралы тереңдетіліп оқытылады. Қазір Британия білім министрлігі «қастандық теориясы» атты оқу бағдарламасын жан-жақты талқылап жатыр. Бұл арнайы пән ретінде оқытылмайды, базада бар пәндерге қосылады. Мәселен, ағылшын тілі сабағында газет-журнал бетіне жарияланған мақалаларды талдайды. Ал, информатика сабағында жаңалықтар сайтындағы ақпараттарға шолу жасайды. Математикада статистикалық, цифрлық талдаулар қамтылады. Бұл кейінгі уақытта Британияда белең алған тәртіпсіздіктерден кейін бекітілген шаралардың бір парасы.
Цитата:
- Әлеуметтік желіде, ғаламторда тараған ақпараттың анық-қанығына көз жеткізіп, қайсысы жалған, қайсысы нақты деректермен берілгенін оқушы ажырата білуі керек. Себебі, өскелең ұрпақтың санасын улайтын дүниелер толып жатыр. Сондықтан әр оқушы кез келген жағдайда дұрыс шешім қабылдай алатындай, сыни ойлау қабілетін жастайынан қалыптастыру керек.
Америкалық оқушылар әріп танымайды
Ал, Нью-Йорктегі мемлекеттік мектептер бастауыш сыныптардағы білім беру бағдарламасын түбегейлі өзгертпек. Өйткені миллиондаған бала жөнді оқи алмайды. Кейінгі 10 жылдықта оқу жүйесіндегі кей әдістер ескірген. Статистикаға сүйенсек, АҚШ-тағы 3-8 сынып оқушыларының 51%-і әріп танымайды, қара нәсілділердің 64%-і, испан тілді оқушылардың 63%-і оқу сынақтарынан өте алмайды. Білім департаментінің Ұлттық білім беру прогресін бағалау (NAEP) мәліметтері бойынша төртінші сынып оқушыларының шамамен үштен бірі негізгі деңгейде немесе одан төмен деңгейде оқиды.
Цитата:
- Мектептерде оқуды үйрету әдісі көп ұзамай 180 градусқа өзгереді. Әріптерді тану үшін суреттерді қолдануға үйрететін жүйеден, фонетикаға негізделген жүйеге дейін. Бұл қадам Нью-Йоркті ұлттық сауаттылық дағдарысымен күресудің алдыңғы қатарына шығарады.
Әр елдің білім беру жүйесі әртүрлі
Әлем елдерінің білім беру жүйесінде бәріміз білетін математика, әдебиет, тарих сынды пәндерден тыс, бізге таңсық, міндетті пәндер көп. Мәселен, Германияда «бақыт сабағы» бар. Испанияда «эмоциональды тәрбие», Жапонияда «табиғатқа сүйсіну», Австралияда «серфинг» сабақтары бар. Ал, Израильде киберқауіпсіздікке балаларды мектеп қабырғасында баулиды. Бұл қосымша емес, заң жүзінде білім беру жүйесіне енгізілген сабақтар.
Иә, әр адамның жеке тұлға болып қалыптасуында мектепте алған білім мен тәрбие маңызды рөл атқарады.
Авторы: Фариза Жанғанаева