АҚШ ғалымдары қатерлі ісіктің 18 түрін ерте анықтайтын тест әзірледі

Қатерлі ісіктен жыл сайын әлемде 10 миллион адам көз жұмады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл дертпен күресу үшін көптеген ел миллиардтаған доллар қаржы бөледі. Оны емдеу үшін жаңа технологиялар мен түрлі әдістер енгізіліп келеді. Ал нәтиже қалай? Әлем елдерінің қатерлі ісікпен күрес тәжірибесі қандай?

Фариза Жанғанаева, тілші:

- АҚШ ғалымдары қатерлі ісіктің 18 түрін ерте анықтайтын тест әзірледі. Инвазивті әдістерден айырмашылығы – бағасының қолжетімділігі. Novelna деп аталған сынақ науқастың қан ақуызын талдау арқылы аурудың бар-жоғын анықтайды. Қатерлі ісік диагнозы қойылған 440 адамды тексерген кезде тест 1-сатыдағы қатерлі ісікті 93% дәлдікпен тапқан. Сондай-ақ Кембридж университетінің медицина ғалымдары осы аурудың түрлері жөнінде жаңа деректер алу үшін 12 мыңнан аса қатерлі ісіктің ДНҚ-сына талдау жасады. Оларды зерттей келе, мамандар әр адамда қатерлі ісікке ықпал ететін түрлі жайтты байқаған. Мысалы, темекі шегу, ультракүлгін сәуленің әсері немесе жасушалардағы ішкі ақаулар. Салыстырмалы түрде айтқанда бұл әдіс қылмыс орнындағы саусақ іздері сияқты. Жалпы талдау кезінде ғалымдар ағзада обырды тудыратын 58 жаңа мутациялық белгілерді анықтаған.

 

Ұлыбританияда обырға қарсы вакцина ойлап табылды

Ал, Англияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жақын арада мыңдаған науқасқа қатерлі ісікке қарсы вакцина салатынын мәлімдеді. Ол иммундық жүйені обыр клеткаларының тууының алдын алуға дайындауға және қайталану қаупін азайтуға арналған. Сондай-ақ бұл екпе әдеттегі химиотерапияға қарағанда жанама әсерлерді азайтады. Қазір Англиядағы 30 ауруханада жергілікті тұрғындардан бөлек, Бельгия, Испания және Швециядан келген 200-ден астам науқасқа 15 дозаға дейін вакцина салу жоспары бар.

 

АҚШ-та қатерлі ісікке шалдыққандарды қолдау жобалары бар

Бұдан бөлек, әлем елдерінде онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды мемлекет және қоғам тарапынан қолдауға көп мән беріліп жатыр. Мәселен, АҚШ-та онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарды арнайы сақтандыру жүйелері бар. Соның бірі – Medicare. Бұл 65 жастан асқан немесе мүгедектігі бар науқастар шығындарының шамамен 80%-ін жабуға жәрдемдеседі. Ал Medicaid жобасы қатерлі ісікке шалдыққан табысы төмен науқастардың дәрі-дәрмекке кететін барлық шығынын көтереді. Бұдан бөлек, көптеген компания науқастың тек емделуіне емес, жүріп-тұруына арнайы қаражат бөліп отырады. Таяуда АҚШ президенті Джо Байден Кэнсэр Муншут бағдарламасына 150 миллион доллар қаражат бөлді. Ол онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау және емдеу технологияларын көбейтуге жұмсалмақ.

Авторы: Фариза Жанғанаева