Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер пайда болады

Италияда оқытушылардың жұмысын жеңілдету үшін биыл виртуалды цифрлық көмекшілер енгізіледі.

Көрші Ресейде жасанды интеллектіге негізделген осындай құрылғылар мұғалімдердің жүктемесін 4-5 есе азайтады деп болжанып отыр. Ал Оңтүстік Кореяда жаңа оқу жылында нейрожүйе негізіндегі оқулықтар пайда болады. Бұған дейін олар 60 мектепте сынақтан өткен. 

Италия мектептерінде виртуалды көмекшілер пайда болады

Италияда жаңа оқу жылында мектептерде виртуалды көмекшілер пайда болады. Олар жасанды интеллект негізінде жұмыс істейді. Жоба әзірге тек сынақ ретінде жүзеге асырылып жатыр. Мақсат – оқушыларға өз қабілеттерін арттыруға көмектесу. Оған сай әр балаға мүмкіндігіне қарай жеке оқу бағдарламасы таңдалады. Әсіресе дарынды оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді. Жасанды интеллект мұғалімдердің де әкімшілік жүктемесін азайтады. Нәтижесінде ұстаздар қағазбастылықтан арылып, шәкірттеріне көберек көңіл бөле алмақ. Италиялық оқушыларды бұдан бөлек тағы екі жаңа өзгеріс күтіп тұр. Енді оларға сабақта ұялы телефон қолдануға тыйым салынады және қағаз күнделікке көшеді. Бұған дейін балалар оның электронды түрін пайдаланып келген. Соның салдарынан оқушылардың жазуы, есте сақтауы, зейіні нашаралап кеткен.

 

Ресейде жасанды интеллект мұғалімдердің жүктемесін азайтады

Ресейде де ұстаздардың цифрлық көмекшілері әзірленіп жатыр. Олар оқу бағдарламасын құрып, үй тапсырмасын тексеруді жеңілдетеді. Жаңа оқу жылында кейбір мектептерде сабақ кестесін жасанды интеллект құрады. Ал 2030 жылға таман ол оқушылардың үй тапсырмасын тексереді. Соның нәтижесінде мұғалімдердің жүктемесі 4-5 есе азаяды. Ұстаздар мұны қуана қабылдап жатыр. Қазірге дейін көрші елде 30 мың оқытушы жасанды интеллект бойынша біліктілігін арттыру бағдарламасынан өткен.

 

Оңтүстік Кореяда электронды оқулықтар қолданыла бастайды

Оңтүстік Кореяда келесі жылдан бастап мектептерде жасанды инттеллект негізіндегі оқулықтар енгізіледі. Олар баланың оқу қабілетін бағалап, мазмұнын әр оқушының қабілетіне қарай бейімдеп отырады. Технологияны дайындаумен LG, Samsung секілді жергілікті компаниялар айналысып жатыр. Цифрлық оқулықпен 5 миллион бала қамтылады. Технология роботпен жұмыс істейтін электронды тақталармен жабдықталған. Нейрожүйе балалардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындай алады. Келер жылдан бастап оқулықтар математика, ағылшын тілі және ақпарттану пәндерінде қолданылмақ. Ал 2028 жылы тарих, жаратылыстану ғылымдары мен қоғамтануда пайдалану жоспарланып отыр. Қазір билік ұстаздардың цифрлық сауаттылығын арттыру жағына көп көңіл бөліп жатыр.

Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.