Камала Харристің президенттік кандидатурасы бекітілді

АҚШ-тың Чикаго қаласында Демократиялық партияның ұлттық конвенциясы аяқталды.

Жиынның мақсаты елдің президенттігі мен вице-президентігіне үміткерлерді салтанатты түрде бекіту және партияны біріктіру.

Талғат Алманов, тілші:

- 4 күнге созылған Демократиялық партияның дәстүрлі конвенциясы өз мәресіне жетті. Жиынның қорытындысы бойынша Камала Харрис партия атынан президенттікке және Миннесота губернаторы Тим Уолтс вице-президентікке үміткер атанды. Жиында сөз сөйлеген Камала Харрис американдықтарды саяси алауыздықтан аулақ болуға шақырды.

Камала Харрис, АҚШ-тың вице-президенті:

- Мен өзімнің еңбек жолымда тек халыққа қызмет етіп келдім. Сондықтан бүгін әрбір американдықтың атынан, олардың жынысы, ұлты, тілі және саяси көзқарасына қарамастан Америка Құрама Штаттарының Президенттігіне үміткер ретінде ұсыныстарыңызды қабыл алдым. 

Осылайша 59 жастағы демократ Харрис қарашадағы сайлауда Дональд Трампқа төтеп беріп, елдің 47-президенті болу үшін таласпақ. Айта кетейік, Харристі қолдауға келгендердің арасында қазіргі мемлекет басшысы Джо Байден, экс-президенттер Барак Обама мен Билл Клинтон сияқты азулы саясаткерлер болды. Барлығы қарашадағы сайлауда белсенділік танытуға шақырды.

Билл Клинтон, АҚШ-тың бұрынғы Президенті:

- Егер сіз осы командаға дауыс берсеңіз, оларды сайлап, өмірлеріңізге жаңа леп әкелуге мүмкіндік аласыз. Осындай шешім қабылдағаныңызды өмір бойы мақтан тұтатын боласыз. Сіздің балаларыңыз да, немерелеріңіз де мақтанады. 

Харристі қолдаушылардың арасында әйелдер мен қара нәсілді американдықтардың үлесі артып келеді. Осы екі топтың құбылмалы штаттардағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде ерекше белсендік танытуы соның айқын көрінісі. Ройтерстің тамыз айындағы сауалнамасына сәйкес Харриске дауыс берем деушілердің үлесі 42% болса, Трампты қолдаушылардың қарасы 37%-дан аспады. Бірақ Харристің ресми өкілі сауалнамалардың нәтижесі көңілді көншіткенімен үгіт-насихат жұмыстарын аяғына дейін жеткізуде түрлі қиындық туындауы мүмкін дейді.

Кейша Лэнс, Камала Харристің кеңесшісі:

- Байден-Харрис әкімшілігінің жетістіктері өте көп. Бірақ қазір осы жетістіктерді қарапайым халыққа жеткізіп, олардың ақпаратты қалай қабылдайтынын түсіну маңызды. Бұрын кабельді теледидардан жаңалықтарда немесе газеттерде жариялап, солар арқылы ақпаратты жеткізуге болатын. Алайда бүгінде бұл тәсілдің тиімсіз екенін білеміз. 

Талғат Алманов, тілші:

- Камала Харрис 5 қарашада өтетін сайлауда жеңіске жетсе, АҚШ тарихында алғашқы қара нәсілді әйел президент ретінде есте қалмақ.