Павел Дуров Францияда қамауға алынды

Telegram мессенджерінің негізін қалаушы Павел Дуров Парижде қамауға алынды.

Ол өзінің жеке ұшағымен Ле Бурже әуежайына қонғанда тұтқындалған. Кәсіпкер Францияда іздеуде жүргендердің тізімінде болған. Франуз құқық қорғаушылары: «Қылмыскерлер әлеуметтік желіні есірткі айналымы және өзге де қылмыс түрлерінің жасалуына негізгі платформа ретінде падаланған», – дейді. Ал Дуров осы Telegram-да заңға қайшы келетін әрекеттерді шектемей, құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеуден бас тартқаны үшін күдікке ілінген. Миллиардер 2021 жылы Франция азаматтығын алғандықтан, өзге елге экстрадициялануы екіталай. ТЭФ-1 телеарнасының хабарлауынша, Дуров жақын арада сот алдында жауап береді. Ол 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Франциядағы Ресей елшілігі мән-жайды анықтау үшін қажетті іс-шараларды қабылдаған. Ал Илон Маск өзінің Х әлеуметтік желісінде бұл сөз бостандығын шектеу екені туралы жазба қалдырды. Оқиға нарықтағы жағдайға да әсер етті. Сөйтіп, кәсіпкермен құрылған Тоткоин криптовалютасы шамамен 15%-ке құлдыраған.

Айта кеткен жөн, әлемде Telegram қолданушыларының саны 900 миллионнан асады. Сарапшылар әлеуметтік желіде сақталатын маңызды ақпаратты шығарып алуға шақырып отыр. Өйткені кез келген сәтте серверлердің жұмысы шектелуі мүмкін екенін ескертеді.