Әлем бойынша жылына 115 млн бала мектепте зорлық-зомбылыққа ұшырайды
ЮНИСЕФ Балалар қоры жүргізген зерттеуге сүйенсек, дүниежүзінде ересектер тарапынан қатыгездік, зорлық-зомбылық көріп жүрген бүлдіршіндердің саны миллионнан асады, деп хабарлайды 24kz.
Баланы ұрып-соғуға, халықаралық деңгейде тыйым салынған. Алайда, бұған бағынбайтын елдер көп.
АҚШ-та баланы ұрып-соғу – жазалаудың кең тараған түрі. Балаларды жазалауға тыйым салу туралы федералды заң жоқ, дегенмен, 31 штатта тыйым салу актілері бар, ал 17 штатта балаларды жазалау қалыпты жайт. Колумбия университетінде жүргізілген зерттеу нәтижелері ересектерден зәбір көрген балалардың когнитивті дамуында болашақта қиындықтар туындайтынын көрсетті. Әкелердің 30%-ке жуығы, ал аналардың 50%-і балаларын 5 жас шамасында ұрғандарын айтқан. 5 жасында әке-шешесінен таяқ жеген балалар 9 жасында сөздік қорын тексеруге арналған тестілерді тапсырғанда қатты қиналады. Оған қоса, құрдастарымен салыстырғанда бұл балаларда эмоция күштірек.
АҚШ-пен қоса, әлемнің 62 елінде мектепте оқушыны ұрып оқытады. Бұл 793 миллион бала мұғалімнен таяқ жейді деген сөз. Мәселен, Сингапурде тәртіпке бағынбаған оқушыны Үкімет тарапынан жазалау бар. Мұғалімі емес, оқу орнының басшысы ресми түрде оқушыны теріс қылығы үшін бөксеге дейін қамшымен 6 рет ұрады. Бұлай жазалау Үндістанда да бар. Ал, Оңтүстік Кореяда оқушыларды таяқпен тәрбиелеуге рұқсат беріп қана қоймай, оны қалай және қаншалықты жақсы ұру керектігін үйретеді. Диаметрі 1,5 сантиметрден аспайтын таяқшамен, 10 рет бөкседен, жамбасынан ұрады. Ұл ма, қыз ба қызықтырмайды. Ал, Малайзияда көбіне ұл балалар тәртіп бұзғаны үшін таяқ жейді. Сондай-ақ Египет, Сирия сияқты Таяу Шығыс елдерінде де бұл жағдай қалыпты.
Ресми мәліметке сәйкес, жыл сайын шамамен 115 миллион бала мектепте физикалық, психологиялық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Біріккен ұлттар ұйымының 1989 жылы қабылдаған Бала құқығы туралы конвенциясы бар. Онда ата-аналардың немесе басқа қамқоршылардың балаларға физикалық зорлық-зомбылық жасауына тыйым салынған. Бұл құжатты АҚШ пен Сомалиден басқа БҰҰ-ның барлық мүшелері бекітті. XXI ғасырдың басында 100-ден астам ел мектептерде балаларға дене жазасына тыйым салды. Польша 1783 жылы оқушыларға қатысты жазалау шараларынан бас тартты. Артынша, Нидерланд, Италия, Швеция, Германия, Испания, Грекия балаларды ұрып-соғуға заңмен тыйым салды.
Авторы: Фариза Жанғанаева