Түркиялық ерлі-зайыпты көшпенділер ойынын тамашалауға келе жатыр

Түркиялық Идил мен Бурак есімді ерлі-зайыпты Анкарадан Астанаға аттанды.

Қастарында 2 жасар ұлдары Гүнеш бар. Жолға шыққан отбасын осы елдегі тілшіміз Меруерт Қанағат жолай кездестіріпті. Бір қызығы ерлі-зайыпты екеу ұшақ не пойыз емес, өздері жеке автобус жасақтап шыққан. Мақсаттары елордада қыркүйек айында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көру. Ал автобус 1982 жылғы. Оны отағасы жайлы етіп, жөндеп шыққан. Ішінде туристер үшін керектің бәрі бар. Жатын, жуыну бөлмесі мен асхана жасақталған. Өздері бұл көліктерін «Көшпенді» деп атапты. Оның сыртына Көшпенділер ойындарының белгісін де жабыстырып қойған. Жалпы Идил мен Бурак 9 айдан бері осы автобуспен Түркияны шарлап жүр. Идил - психолог, ал Бурак - ағаш ұстасы.

Идил Дуран, жиһанкез:

- Осымен 5-рет ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындары биыл Қазақстанда өтеді. Бұл хабарды естіген бойда «неге бармасқа?» дедік.

Бурак Дуран, жиһанкез:

- Дереу жоспарладық. 5400 шақырымдық жолды Түркиядан Қазақстанға Грузия, Әзербайжан арқылы барамыз. Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бет алдық. 

Идил Дуран, жиһанкез:

- Құдай қаласа, 8 қыркүйекке үлгеретін шығармыз. Керуеніміз 1982 жылы жасалған. Көлікпен жолға шығатынымызды естігендер, ақылға қонымсыз деді. Алайда біз 2 жасар ұлымызбен мұны жасай алатынымызды дәлелдейміз. Ата-бабаларымыздың топырағын, жүрген жерін бізбен сезсін деген ниетіміз бар.

Бурак Дуран, жиһанкез:

- Ал кеттік!