Париж прокуратурасы Дуровқа қатысты мәлімдеме жасады
Париж прокуратурасы Павел Дуровтың қамауға алынуына қатысты алғаш рет ресми мәлімдеме жасады.
Жария етілген құжатта кәсіпкердің "есімі аталмаған тұлғаға" қарсы қозғалған қылмыстық іс аясында тұтқындалғанын айтады. Бұл іс бойынша Телеграм басшысы 12 түрлі қылмысқа қатысты күдікке ілінген. Солардың ішінде ақша жымқыру, лицензиясыз криптовалюталық қызмет көрсету, киберқылмысқа қатысу, тергеуге қажетті ақпарат беруден бас тарту бар. "Есімі аталмаған тұлғаға" қарсы іс осыдан бір жарым ай бұрын қозғалған екен. Естеріңізде болса, миллиардер 24 тамызда Париждің Ле Бурже әуежайына жеке ұшағымен қонған сәтте қамауға алынған еді. Жанында болған оққағары мен көмекшісі жауап алудан кейін босатылған. Дуровтың өзінен де жауап алынған. Енді жергілікті заң бойынша ол 28 тамызға дейін қамауда болуы керек. Осыдан кейін әлемде "бұл оқиға сөз бостандығын шектеу" деген түрлі мәлімдемелер жасалуда.