Қытайда жауын-шашын егінге кері әсер етті. LIVE
Биыл Қытай жауын-шашынның астында қалды.
Өзен-көлдер тасып, елдің біраз бөлігін су басты. Инфрақұрылым, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар, тіпті бүтін бір шаһарды су шайып кеткен кездер де болды. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы қатты зиян шекті. Мыңдаған гектар алқап судың астында қалды. Шаруалар шаш етектен шығынға ұшырады. Мемлекет шұғыл шара қабылдап егінді шірітпей сақтап қалуға күш салуға мәжбүр. Қытайдағы орақ науқаны жөнінде айтып өтсеңіз?
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
- Қытайда да жағдай мәз емес. Жауын-шашын агро салаға кері әсер етіп шығын көбейді. Мамандардың айтуынша, елде мұндай жағдай 1961 жылдан бері болмаған. Бірнеше аймақта нөсер төпелеп шаруалардың берекесін қашырды. Оған теңіз жақтан жойқын тайфундар қосылып, ойсыратып кетті.
Кейбір провинцияларда күрішті қайта егуге тура келді. Егіс алқаптары батпаққа айналып егінжайға жарамсыз боп қалды. Жалпы 2024 жылы бүкіл Қытай елі аумағында жауын-шашыннан 639 мың гектар алқап зақымданды. Елдің бір бөлігі судан зардап шексе, кейбір бөлігінде аптап берекені қашырды. Ең қатты зардап шеккен Фуцзянь провинциясы. Бұл аймақта өнімін әне-міне жинаймыз деп отырған шаруалар қыруар шығынға батты. Жергілікті билік 12 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабын су шайып кеткендігі туралы хабарлады. Бүгінгі күнге дейін есептелген шығын көлемі 1 млрд 61 млн юаньға жеткен. Дегенмен қытайлар диқаншылықпен жыл бойы айналыса береді. Бір алқаптан бір емес, екі-үш қайтара өнім алады. Әр өңірдің климаты әр алуан болған соң жиын-терім маусымы да әртүрлі. Биыл жазғы маусымның өзінде 27 миллион гектарға жуық жерге дән себілген. Дихандар жазғы егінді әупіріммен жиып алды. Биыл жазда көрші елдің қамбасына 150 миллион тоннаға жуық дәнді-дақыл түсті.
Чжу Цзюань, ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауыл ісі министрлігінің департамент директоры:
- Биыл су тасқынынан айтарлықтай зиян келді. Мұндай жағдай кейінгі 60 жылда бірінші рет болып отыр. Зардап шеккен аудандарда мамандандырылған арнайы жұмыс тобы жұмыс істеп жатыр. Агрономдар шаруаларға қолдау көрсетіп, өнімділік деңгейін сақтап қалуға тырысуда. Дегенмен биылғы өнімділік көрсеткіші жаман емес. Дәнді дақыл жылдағыдан 2,5 пайызға артығымен жиналды.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
Кадрда: Ал енді күзгі дәнді-дақыл алқаптары артығымен себілді. Ору науқаны бүкіл ел аумағында қыркүйек пен қараша айының аралығына жүреді. Қазір қытай халқы үшін ең маңызды өнім күріш пісуге жақын. Жергілікті билік зиянкестерден қорып, табиғи апаттың алдын алу шараларына күш салып жатыр. Бұл мақсатта 280 млн АҚШ доллар қаражат бөлінді. Айта кету керек, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, ерте көктемде егілген күріштен 28 млн тонна жинап алған. Өнімділік жылдағыдан 0,6 пайызға төмен.