Макрон: Дуровтың қамалуында саяси астар жоқ
Франция президенті де Павел Дуровтың қамауға алынуына қатысты мәлімдеме жасады.
Эммануэль Макрон әлеуметтік желісіндегі парақшасында бұл саяси шешім емес деп жазған. Айтуынша, Телеграм басшысы жалғасып жатқан тергеу шеңберінде қамауға алынды. Президент соңғы шешімді сот шығаратынын атап өтті. Ал Еурокомиссия өкілдері, Дуровтың тұтқындалуы, Еуроодақта әлеуметтік желілер мен интернет сервистердің жұмысын реттейтін заңға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл заң платформада жария етілетін заңсыз контентті шектеуді талап етеді. Телеграмның Еуроодақ аумағында қолданушыларының саны 41 миллион шамасында. Ал аталған заң аясында қатаң шара қабылдау үшін кемі 45 миллион қолданушы болу керек.