АҚШ пен Еуропада қоғамдық көлікте қандай жеңілдік берілген?

АҚШ пен Еуропада қоғамдық көлікте қандай жеңілдік берілген?

Канадада студенттік билеті бар азаматтар бір семестрде қоғамдық көлік үшін 46 жергілікті доллар төлейді.

Ол біздің ақшамен 16 мың теңгеден асады. Бұл өте тиімді. Өйткені салыстыру үшін айтсақ, Торонтода қоғамдық көлікте бір айлық жол жүру құнының өзі 43 мың теңгеге жуықтайды. Бірақ бір айта кетерлігі, бір қаланың студенттік билеті басқа жерге жарамайды.

Американдық студенттер автобуста жеңілдікпен жүре алады

АҚШ 

АҚШ-та студенттер Student Advantage Card секілді бағдарламалардың арқасында белгілі бір тасымалдаушылардың автобустарымен қатынау үшін 15 пайыздық жеңілдік ала алады. Оның жылдық жарнасы небәрі 30 доллар. Яғни 15 мың теңге. Бұдан бөлек құжат пойызбен жол жүру ақысы мен кейбір тауарларға жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Ал Зип Кар қосымшасына жазылу арқылы жүргізуші куәлігі бар жасы 21-ден асқан азаматтар көлікті 60 пайыздық жеңілдікпен жалға алады.

Еуропаның 50 қаласында қоғамдық көлікпен тегін қатынауға болады

Нидерландта Оу Ви Чип Карт жүйесі енгізілген. Соған сәйкес студенттер демалыс не мереке күндері қоғамдық көлікпен тегін қатынайды. Қарбалас кезде 40 пайыздық жеңілдік беріледі. Ол үшін жоғары оқу орнында білім алу керек және жасы 30-дан аспауы шарт. Германияда студенттер 49 еуро тұратын семестрлік билетті пайдаланады. Бұл теңгемен 26 мың шамасында. Студенттер құжатпен бүкіл ел бойынша автобус және пойызбен жүре береді. Ал Люксембургте студенттер ғана емес, барлық тұрғын қоғамдық көлікте тегін жүреді. Тиісті ереже бүкіл ел аумағына тарайды. Эстония астанасы Таллинде де осындай мүмкіндік бар. Жалпы бүгінде Еуропаның 50 қаласында қоғамдық көлікпен тегін жүруге болады. Бұл қоршаған ортаны қорғау мақсатында қабылданған шешім. Оның үстіне бастама әлеуметтік теңсіздікті жоюға бағытталған.

Жұлдыз Атагельдиева