Суданда су қоймасы жарылып, отыз адам қаза тапты

Суданның солтүстік-шығысында нөсер салдарынан дамба жарылып, 30 адам қайтыс болды.

50 мың тұрғын баспанасыз қалды. Апат болған су бөгеті 500 мыңнан аса халқы бар Порт-Судан қаласы үшін негізгі тіршілік көзі саналады. Енді қарулы қақтығыс кесірінен инфрақұрылымы бүлінген мемлекет үшін, бұл оқиға жығылғанға жұдырық болды дейді БҰҰ-ның өкілдері.

Стефан Дюжаррик, БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы:

"Алдын ала мәлімет бойынша, бөгеттің маңында орналасқан 20 ауылға айтарлықтай нұқсан келді. Қазір біздің серіктестеріміз бен жергілікті билік шығын көлемін есептеп жатыр. Жарылған дамба Порт-Судан қаласының халқы үшін судың негізгі көзі болатын. Сондықтан елді мекендегі ахуал үшін қатты алаңдап отырмыз."

Таиландтың 31 өңірінде лай көшкінінің қаупі жоғары

Ал Таиландта лай көшкіні салдарынан 22 адам опат болды. 30 мыңнан аса отбасы үй-жайын тастап, қауіпсіз жерге көшірілген. Қазір елдің солтүстігіндегі 5 провинцияда нөсер толастамай тұр. Билік тағы 30-дан аса өңірде ескерту жариялады. Мұнда тасқын мен лай көшкіні жүру қаупі жоғары.

Бангладеште 500 мың адам эвакуацияланды

Бангладеште де жағдай оңып тұрған жоқ. Мұнда тасқыннан 23 адам көз жұмды. Жарты миллион адам эвакуацияланған. Бүкіл ел бойынша оларды жайғастыру үшін 3 жарым мыңнан аса орталық ашылған. Мұнда табиғат апатынан ауыл шаруашылығы саласына айтарлықтай нұқсан келді.