Әлем елдеріндегі әлеуметтік көмек мөлшері қандай?

Азаматтардың құқығын қорғау және олардың сапалы өмір сүруіне барынша жағдай жасау – әрбір мемлекеттің бақытты болашағының кепілі. Сондықтан билік тұрғындарға жәрдемақы, сыйақымен барынша қамқорлық көрсетуге тырысып бағады, деп хабарлайды 24kz.

Осы орайда әлем елдерінің тәжірибесі қандай?

Германияда қандай да бір кәсіпорын белгілі бір себептерге байланысты қаржылай қиындықтарға тап болса, жалақыны жұмыс істелген уақытқа ғана төлейді. Егер жұмыс сағаты нөлге жетсе, айлық жалақыны жұмыс беруші емес, қызметкерлерді жұмыссыздықтан сақтандыратын мемлекеттік компаниялар төлейді. Бірақ оның мөлшері жалақыдан аз болады. Яғни, айлық табыстың 60%-і беріледі. Жұмысшы балалы болған жағдайда соңғы жалақысының 67%-і төленеді. Мамандардың айтуынша, бұл модель тәжірибелі қызметкерлерді жұмыстан шығарғаннан әлдеқайда тиімді. Бұдан бөлек, Германияда жұмыс таба алмай жүрген отбасы жәрдемақыға өтініш білдіре алады. Мақұлданса, 1 адам айына 400 еуро шамасында төлем алады.

Кувейт ел тұрғындарының өсуі мен білім алуына инвестиция салуды қолға алған. Мемлекет кірісінің 10%-і болашақ ұрпақтың ерекше қорына бөлінеді. Ал мұнай қымбаттаған кезде мемлекет халықтың несиелерін ішінара немесе толығымен автоматты түрде өтейді. 5 балалы отбасыға олар жұмыс істей бастағанға дейін ай сайын 200 доллар жәрдемақы төлейді. Ал жұмыс істемейтін аналарға 300 доллардан беріледі.

Біріккен Араб Әмірліктерінде жаңа туған балаға мемлекет тарапынан сыйақы қарастырылған. Осылайша, жас отбасыларды балалы болуға ынталандырады. Бұдан бөлек, жастар үйлену тойына дейін елдің неке қорынан пайызсыз несие ала алады. Отбасында нәресте дүниеге келсе, әлгі несие автоматты түрде өтелген болып саналады. Жаңа азаматтың дүниеге келгені үшін бақытты ата-аналар 50 000 доллардан 200 000 долларға дейін, ал қажет болған жағдайда үй де алады.

Ал Австралияда жаңа туған әр балаға шамамен 3 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Егер бір уақытта үш немесе одан да көп бала туылса, онда жыл сайын ата-аналарға егіздер 16 жасқа толғанға дейін осы сома төленеді. Сонымен қатар бұл елде балалардың шығындарын өтеу үшін отбасыларға салық жеңілдіктері де қарастырылған. Бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы да бар. Оны баланы бағушы ата-әжесі, достары да ала алады.

АҚШ-та бала туу мен күтіміне қатысты жәрдемақы тек әлеуметтік осал топтарға беріледі. Ал декреттік демалыс компаниямен арадағы келісімшартқа байланысты. Швейцарияда декрет тек төрт айға беріледі. Осы уақытта әйелдің соңғы 1,5 жылда алған орташа жалақысы төленеді. Егер әйелдің еңбек өтілі 1,5 жылға жетпесе, жәрдемақы берілмейді.