Әлемде 1 млрд 700 млн адам тұщы суға зәру
2050 жылға таман әлемде 5 миллиард адам судан таршылық көреді.
Бұл көрсеткіш 2018 жылы-ақ 3,5 миллиардтан асқан еді. Ал қазіргі уақытта жер бетіндегі 1 миллиард 700 млн адам тұщы суға зәру. Осының салдарынан түрлі ауру-сырқау шығып, жылына мыңдаған адам көз жұмады. Енді әлем су тапшылғымен қалай күресіп жатыр?
Иә, климаттың өзгеруі салдарынан, жылдан жылға жағдай қиындап барады. Оның үстіне әлем халқы санының артқан сайын су жүйесіне түсетін салмақ та көп. Бұл ретте бірқатар ел түрлі технологияның көмегімен су тапшылығы мәселесін шешіп әлек. Бұл қаншалықты тиімді?
Суды тұщыту технологияларына қыруар қаражат қажет
Жер бетіндегі су қорының 97% ішуге жарамсыз. Өйткені тұзды. Бұл ретте бірқатар елде тұзды суды тұщыландыру шаралары жолға қойылған. Мәселен, Сауд Арабиясындағы суды тұщыту қондырғылары елде тұщы судың 70%-ін қамтамасыз етеді. Ал су тапшылығын тартып отырған Мароккода ауызсуды тұманнан өндіреді. Алайда бұл тым қымбат. Күніне 2 мың литр тұщы су беретін жүйенің жұмысы 15 мың АҚШ долларға бағаланады.
Ал Мексика астанасы Мехико жұрты жаңбыр суын пайдаланады. Шаһарға келетін судың 60% жер астынан алынатындықтан, жерасты қорының қайта толуы ұзаққа созылады. Сондықтан мұнда жауын суын пайдалану бойынша ірі жоба іске асырылған. Ол 10 шақты фильтрден тазалаудан өткен тіршілік нәрін ішуге жармады етуді көздейді. Жоба аясында кейінгі 15 жылда бүкіл ел бойынша 40 мың қондырғы орнатылған. Дегенмен пайдасы шамалы. Себебі ресурс жеткіліксіз. Оның үстіне қызмет көрсететін білікті маман аз. Соның кесірінен қондырғылар қазірде істен шыққан.
Сара Моралес, тұрғын:
- Қаладағы құбырдан келетін су таза емес. Түсі қоп-қоңыр. Оны тазартып, сүзгіден өткізіп жатқан ешкім жоқ. Оған қарағанда жаңбыр суы таза.
Тіршілік нәрінің тапшылығы – Испанияда өзекті мәселе. Оған қуаңшылық себеп. Ғасыр ортасына таман бір ғана Каталония өңіріндегі ресурстар 20% азаяды деген күдік бар. Билік бұл мәселені суды тұщыту қондырғыларының көмегімен шешіп жүр. Елде Еуропа бойынша ең ірі стансы орналасқан. Ол 2009 жылы салынған. Ел бойынша 800 қондырғы күніне 5 миллион текше метр су өндіреді. Жалпы Испания тіршілік нәрін тұщыту қуаты бойынша әлемде Сауд Арабиясы, АҚШ пен Біріккен Араб Әміріктерінен кейін төртінші орында тұр. Сарапшылар бұл тиімді технология екенін айтады. Бірақ қыруар қаржыны қажет етеді.
Хоан Сала, Accio Ecologista-AGRO эко-тобының өкілі:
- Елде су тапшы болғандықтан, күнделікті тұтынатын суымыздың мөлшерін шектеп тастады. Оның үстіне елде туристік нысандар көп болғандықтан, сырттан келетін келушілердің де қарасы қалың. Ал өзіміз түгілі өзгені сумен қамтамасыз етуге бізде ресурстар аз.
Суды тұщытудың экологиялық әдісі
Ал ақшаны үнемдеу мақcатымен кейінгі жылдары тұзды суды тұщы суға айналдыру үшін баламалы энергия көздерін пайдалану жолға қойылған. Дәлірек айтқанда, таза су алу үшін күн сәулесін пайдалану. «Бұл процесс дәстүрлі әдістерге қарағанда 20% арзанырақ», – дейді сарапшылар. Қазірде мұндай қондырғылар Кения, Үндістан тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отыр.
«Күн сәулесі – жер бетіндегі ең көп тараған баламалы энергия көзі. Күн сәулесін пайдалану арқылы адсорбент негізіндегі энергияны үнемдей отырып, экологиялық жағынан қауіпсіз жолмен суды тұщытуға болады», Хуантин Ван, Монаш университетіндегі химиялық инженерия кафедрасының профессоры.
Лас су адам өміріне қауіпті
Қазір дамушы елдерде аурудың 80% судан болса, жыл сайын лас судан 3 миллионға жуық адам өледі. Қазір Африка мен Таяу Шығыс елдерінде су тапшылығынан түрлі ішек аурулары, тырысқақ, полиомиелит сияқты аурулар тарап жатыр. Өйткені тұрғындар ауыл шаруашылығына арналған құбыр арқылы келетін, ішуге мүлде жарамсыз суды тұтынуға мәжбүр. Таяуда Газа секторында полиомиелит эпидемиясы жарияланды. Өйткені ағын сулардан вирус табылған. Жергілікті дәрігерлер бұл тек осы аймақ емес, жақын мемлекеттерге де қауіпті болуы мүмкін екенін ескертеді.
Нихаль әл-Фаюми, тұрғын:
- Ішетініміз – тек қана лас, тұзды су. Бұған ересектер төзімдіміз. Бірақ балаларымыз шыдай алмай жатыр. Іштері ауырады. Жүрегі айнып, бірнеше күн сусыз жүретін кездері көп. Жуынатын бөлмелер де жетіспейді.
Иә, су бар жерде тіршілік бар. Сондықтан тіршілік нәрін барынша үнемдеген абзал.