Қытайда 47 ядролық реактор салынады

Қытай атом реакторларының санын екі есе арттырады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір елде 36 атом энергоблогы салынып жатыр. Таяуда көрші елдің мемлекеттік кеңесінде дәл осындай тағы 11 ядролық нысан салу туралы шешім қабылданды. Бұл бағыттағы жобаларды қаржыландыру көлемі айтарлықтай ұлғайған. Осылай миллиардтан астам халқы мен мыңдаған өндіріс орны бар шығыстағы көршіміз энергия тапшылығын жойды.

Қытай әлем бойынша атом энергетикасы дамыған елдер арасында үздік үштікке кіреді. Қазір ең көп ядролық реактор салынып жатқан бірден-бір ел. Ең алғашқы атом электр стансысы 1991 жылы іске қосылды. Осы уақыттан бері атом энергоблок санын 57-ге дейін жеткізді. Енді алдағы 5 жылда тағы 47 реактор салады. Осы арқылы қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып электр энергиясына қолжетімділікті арттыруды көздейді.

Тян Венг, Сиань атом энергетикасы институтының директоры:

- Ең алғашқы АЭС құрылысы Чернобыль апаты болған кезеңге тұспа-тұс келді. Халық бұл кезде түрлі пікір айтып, қарсы болғандар да болды. Жасыратыны жоқ, жұрт оқиға тағы қайталана ма деп қорықты. Алайда батыл қадамның арқасында халық ядролық энергетиканың игілігін көріп отыр. 30 жылдан астам уақыт бойы тұрақты жұмыс істеп, экономикалық тиімділігін көрсетті.

Қазір әлем елдерінде салынып жатқан ядролық реакторлар үшінші буынға жатады. Инновациялық технологияның арқасында қауіпсіздігі мен өнімділігі жоғары. Олардың ішінде ең танымалдары – АҚШ-тың «AP-1000» реакторы. Оның жылдық қуаты – 1100 мегаватт-сағат. Қытайлық «Hualong-1»-дің де қуаты дәл осындай. Ал қуаты ең күштісі – Францияның «EPR» реакторы. Бұл энергоблок жылына 1700 мегаватқа дейін энергия өндіре алады. Алайда ядролық энергетикада қауіпсіздік – басты мәселе. Осыған қатысты қытайлық ғалымдардың пікірін білдік.

Инь Сиджун – Қытайдағы атом энергетика саласының үздігі. Тәжірибелі маманның айтуынша, бүгінде әлемде энергияға мұқтаж елдер үшінші буын ядролық реакторларын салуға ұмтылады. Бұл – қазіргі кездегі ең қауіпсіз әрі тиімділігі жоғары энергоблок. Бұған дейінгі нұсқасындағы әлсіз тұстары жетілдіріліп, едәуір күшейтілген. Мәселен, бұрын бір отынмен 12 ай бойы үздіксіз жұмыс істейтін болса, қазір 18 айға дейін ұзарған. Сонымен қатар ішкі қауіпсіздіктен бөлек, сыртқы факторлардан да берік қорғалған. 

Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas LTD Орталық Азиядағы бас директоры:

- Ядролық жобада міндетті түрде қауіпсіздік жүйесі болады. Сырты екі қабат жабынмен қапталады. Мына макетте анық көрсетілген. Тіпті ұшақ келіп соқтығысқан жағдайдан да сақтандырылған. Жалпы қауіпсіздік жүйесі   активті және пассивті болып екіге бөлінеді. Олар зиянды радиоактивті заттардың қоршаған ортаға бөлінуінен қорғайды. Ал инновациялық технологиялар қауіпсіздікке кепілдік береді. Барлығы арнайы сараптамадан өтеді. Тек Қытайда емес, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің де жіті бақылауында.

Қытай отандық атом энергетикалық технологиясын жасап, жаппай қолданысқа енгізді. Бүгінде АЭС жабдықтары мен қондырғыларын өздері шығарады. Құрылысқа қажетті толық тізбек қалыптасып импортқа тәуелділіктен арылды. Осының арқасында қауіпсіздікке толықтай кепілдік беріп отыр. Бүгінде аспан асты елінде атом электр станциясын салуға лицензиясы бар 4 компания бар. Олар да өзге елдер сияқты Қазақстанға АЭС құрылысын жүргізіп, инвестициялық ұсыныс жасауға ниетті. Қазақстанның ядролық энергетикадағы мүмкіндіктері туралы қытайлық сарапшылардың пікірі мынадай:

Тян Венг, Сиань атом энергетикасы институтының директоры:

- АЭС тұрақты экономикалық дамудың кепілі. Кейбір елдер шикізат пен қаражат мүмкіндігі жоқ болса да, салуға ұмтылып жатыр. Ол қауіпсіз және тиімділігі жоғары. Бір энергоблок – бұл ғасырлық жоба. Жұмыс істеу уақыты – 60 жыл. Оны тағы 20 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі бар. Оның игілігін үш ұрпақ көреді. Ал Қазақстанда табиғи ресурс бар. Ең бастысы, уран қоры жеткілікті. Бұл мемлекетке жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мұны мен атом энергетикасында 30 жылдан астам тәжірибесі бар елдің жауапты өкілі ретінде айтып отырмын. 

 

Қытайда АЭС құрылысы қарқын алды

Қытай неліктен АЭС санын көбейтуге күш салып жатыр? Себебі экономикалық тиімділігі жоғары. Бір АЭС салып жылына 3 миллиард АҚШ долларына дейін табыс табуға болады. Бұл тек өндірілген электр энергиядан ғана түсетін пайда.

Мәселен, 4 энергоблокты бір АЭС жылына 5 мың мегаватт-сағат энергия өндіруге қауқарлы. Бұл кемінде Астана немесе Шымкент сияқты халық саны миллионнан асатын 4 қаланы жыл бойы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Немесе энергияны ең көп тұтынатын металлургиялық және мұнай өңдеу сияқты 16 зауытты энергиямен тұрақты қамтамасыз ете алады. Одан бөлек, өндіріске қажетті бу, сутегін де қатар өндіре береді. Тағы бір тиімділігі, бір келі уран жұмсап, 2700 тонна көмір үнемдеуге болады. Сонымен қатар құрылыс кезінде 10 мыңға дейін жаңа жұмыс орындары ашылады. 

Чжоу Бо, Қытайдың ядролық энергия қауымдастығының жетекшісі:

- Ядролық энергетиканың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі орасан. Атом энерго блоктары тек электр энергиясын емес, өндіріске және жылу жүйесіне қажетті бу мен сутегін қатар өндіре алады. Бір атом энергоблогы 60-80 жылға дейін жұмыс істеп тұрақты табыс әкеледі. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Қытай қазір жылу электр стансыларының санын екі жылда 80-нен 47%-ке дейін қысқартып, АЭС және баламалы энергия көздеріне ерекше мән беріп отыр.

АЭС жылу энерго орталықтарына қарағанда әлдеқайда тиімді. Қытайдың бүкіл атом электр стансысы елдің шығыс және оңтүстік-шығыс бөлігінде шоғырланған. Өйткені бұл аймақтарда бүкіл өндіріс орындары орналасқан. Ал технологияға қажетті электр энергияны тек ядролық реакторлар есебінен қамтамасыз етуге болады.

Инь Сиджун, China National Nuclear Corporation Overseas LTD Орталық Азиядағы бас директоры:

- Баламалы энергия көздерінің қуаты үлкен болуы мүмкін. Алайда АЭС сияқты жылына 365 күн, тәулігіне 24 сағат үздіксіз энергия өндіре алмайды. Түнгі уақытта тоқтайды. Ал жылу энерго орталықтарына отын көп жұмсалады. Мәселен, АЭС-те бір келі уранмен алынатын энергияны мөлшерін, жылу энерго орталықтарынан шығару үшін 2700 тонна көмір жағу керек. Бұл экономикалық тұрғыда тиімсіз. Оның үстіне қоршаған ортаға зияны орасан.

Қазақстанда АЭС салу, салмау мәселесі белсенді талқыланып жатқанда Қытай жуырда тағы 11 жаңа ядролық реактор салу туралы шешім қабылдады. Энергоблоктар Цзянсу, Шаньдун, Гуандун, Чжэцзян және Гуанси аймақтарында бой көтереді. Бұл жоспарды алдағы 5 жылда жүзеге асыру көзделген. Оған жалпы көлемі 31 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылады. Қытай билігі жұмыс істеп тұрған атом энергоблоктарының санын 2035 жылға дейін 100-ден асыруды жоспарлап отыр. Осы арқылы АҚШ пен Франция сияқты ядролық державалардың алдына шыққысы келеді. 

Авторы: Руслан Бақытбекұлы.