Ресейдің еңбек нарығында 5 млн-ға жуық адам жетіспейді

Ресей ғылым академиясы жыл басында рекордтық кадр тапшылығы туралы мәлімдеді. 

Содан бергі жарты жылдықта жағдай одан сайын күрделене түсті. Орталық банк кадрлармен қамтамасыз ету көрсеткіші ел тарихындағы ең төменгі деңгейге жеткенін хабарлады.

Киров қаласында тұратын кәсіпкер Екатерина Матанцева кәсібін 20 мың рубльден бастаған. Осыдан 15 жыл бұрын өз үйінде сабын жасаумен айналысқан әйел бүгінде айналымы 50 миллион рубль болатын органикалық косметика шығаратын фабрика басшысы. Бұл жерде 120 адам еңбек етеді. «Компания өсіп келе жатыр, бірақ қажетті кадр табу оңау шаруа емес», – дейді ол.

Екатерина Матанцева, косметикалық фабриканың бас директоры:

- Қазір 60-70 жасқа жеткен қызметкерлеріміз зейнетке шыға бастады. Ал 25-30 жастағы жас буын мамандар жоқтың қасы. Бізде 16 жастағылар жұмыс істей бастады. Осы тамызда біз тұрмыстық химия, кір жуғыш ұнтақ шығаратын жаңа цехты іске қостық. Цех жұмысының 60% 16 жастағы жасөспірімдердің есебінен атқарылды. Бізде әсіресе еркек күші жетіспейді.

Ауыл шаруашылығында да жұмысшы тапшы. Мал дәрігері, сауын аппаратының операторлары жетіспейді. Шаруалар елдің өзге өңірлерінен келген жас мамандарға жәрдемақы төлеп, тіпті үй беруге дайын.

Александр Росляков, асыл тұқымды мал зауытының басшысы:

- Шаруашылығымыздағы жұмысшылардың орташа жасы 45-46. Сондықтан да жастарды тартуға тырысамыз. Жас жігіттерді, үйленген немесе әлі отбасын құрмаған, бірақ біздің жерімізге келіп, жанұя құрып, бала сүйгісі келетін жастарды қабылдаймыз. Егер баспанаға мұқтаж болса, біз оны баспанамен қамтамасыз етіп, жақсы жалақы мен түрлі әлеуметтік жәрдемақы төлейміз.

2024 жылы ресейлік кәсіпорындардың 90%-ға жуығы кадрлық дефицит туралы мәлімдеді. Өндірістік кәсіпорындарда бұл – ең күрделі мәселе.

Александр Наумов, агрохимия зауытының бас инженері:

- Бізге электровоз машинисі, дәнекерлеуші, жөндеуші слесарь, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша слесарь керек. Кәсіпорнымызда кадр тапшылығы 10-15% шамасында. Студенттерді де жұмысқа алуға дайынбыз, нарықтағы жағдайға байланысты. Тіпті екінші курс студенттеріне үлкен зауыттардан көптеген ұсыныс түсіп жатыр. Студенттердің жұмыс орны мен шарттарын мұқият таңдауға мүмкіндіктері бар.

Жағдайды шетелдік жұмыскерлердің елден кетіп қалуы киындатты. Олар үшін инфляция мен рубьлдің құнсыздану себебінен Ресейде жұмыс істеу енді оңай емес.

«Ұзақмерзімді жоспарда бұл мәселенің одан әрі күрделенетін түрі бар», – дейді сарапшылар. Мемлекет кадр тапшылығының басты себебін демографиялық дағдарыстан көріп, бала туу көрсеткішін арттыру үшін түрлі бастамалар енгізіп жатыр. Бірақ бұл шаралар нәтиже бергеннің өзінде олардың экономикаға жағымды әсері тек 20-25 жыл өткен соң сезіледі.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.