Әлемде маймыл шешегін жұқтырғандар саны артып барады
Африкадан шыққан маймыл шешегі әлем елдерінде тарап жатыр.
Нақтырақ айтсақ, Швеция, Австралия, Пәкістан мен Таиландта вирус жұқтырған адамдар анықталды. Осыған алаңдаған Дүниежүзілік денсаулық ұйымы жуырда маймыл шешігімен күреске бағытталған жаһандық жоспарын таныстырды.
Конго Демократиялық Республикасында маймыл шешегі дендеп барады. Вирус енді босқындар лагерінде тарай бастаған. Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі агенттігі келтірген мәлімет бойынша бұл орталықтарда инфекцияны жұқтырудың 42 дерегі тіркелген. Осыған байланысты аталған ұйым дабыл қағып жатыр. Жұрттың үрейі қаша бастаған. Себебі лагерьлерде науқастарды оқшауда ұстау мүмкіндігі жоқ. Сондықтан қауіпті дерт көп ұзамай босқындар арасында кеңінен етек жаяды деген қауіп бар. Айта кетейік, жыл басынан бері Конгода 18 мыңнан аса адамнан маймыл шешегі анықталып, 615 адам көз жұмды.
Маймыл шешегі Африканың 13 елінен тыс жерлерде де анықталып жатыр. Бүгінде вирус жұқтырған науқастар барлық құрлықта дерлік тіркелді деуге болады. Маусым айындағы статистика бойынша Америкада 175, Еуропада 100, Батыс Тынық мұхиты аймағында 81, ал Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 11 адам науқас деп танылған. Жалпы әр індеттің белгілі бір жастағы адамдарға аса қауіпті болатыны белгілі. Мысалы, мамандар осы маймыл шешегі балаларға көбірек қатер төндіретінін айтады. Десе де әзірге дерт жұқтырғандар жас санаты бойынша сараланып жатқан жоқ.
Вирустың таралуын болдырмау мақсатында қазір әлем елдері бірінен соң бірі сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Мәселен, Пәкістан әуежайларында бақылау күшейтіліп, медицина мамандары тартылды. Бөлмелер мен жүкті жаппай зарарсыздандыру жұмыстары қолға алынған. Тәжікстан да маймыл шешегінен қауіптеніп, шекара қызметіндегі бақылауды күшейтті. Инфекцияның елге енуін болдырмас үшін осы ауру бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес тосқауыл қойды. Әсіресе визуалды тексеру артты. Бұдан бөлек, халық арасында ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары қолға алынбақ.
Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы келтірген мәлімет бойынша 2022 жылдан бері маймыл шешегі әлемнің 116 елінде тіркелген. Содан бері 99 мыңнан аса адам науқас деп танылған. Бірақ биыл бұл дерт аса қатты алаңдаушылық тудырып отыр. Себебі африкада тіркелген деректер саны 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп болып тұр. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары жуырда маймыл шешегінің таралуын тоқтатуға бағытталған жаһандық стратегиялық жоспарын іске қосты. Ол жарты жылға арналған. Осы уақыт аралығында ұйымға мүше-мемлекеттер мен серіктестер індетпен күреске 135 миллион доллар бөліп, эпидемиялық бақылау, вакциналау жұмыстарын күшейтпек.