Қытайда су тасқынынан 48 мектеп бүлінді

Қытайда су тасқыны болып әлеуметтік нысандарға орасан зақым келді.

Әсіресе Хулудао қаласында жағдай күрделі. Медициналық мекемелер қирап, білім ошақтарының тас-талқаны шыққан. Бұл жаңа оқу жылының алдында түрлі қиындықтар туғызып отыр. Жұрт баласын мектепке жібермек түгілі баспана таппай тентіреп кетті. Қытайдағы тілшіміз Руслан Бақытбекұлы жалғастырады.

Бұл Ляонин провинциясында болып жатқан жағдай. Аймақта бірнеше күн бойы толассыз жауын жауып арты бірнеше табиғи апатқа ұласты. Таулы аймақта сел жүріп 82 ауылды жалғап тұрған күре жолды басып қалды. 100-ге тарта көпірді су шайып кетті Қазір ішінара қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Кейбір елді мекендерде ауыз су, азық-түлік тапшы. Мыңдаған адам уақытша баспаналарды паналап отыр. 

Сяо Ди, жергілікті тұрғын:

- Мұндай жағдай біздің өлкеде болған емес. Қатты жауғаны соншалық бір тәуліктің ішінде бүкіл ауылды су басып кетті. Үйге кірген судың деңгейі мойныма дейін жетті. Өзеннен өтетін көпірлердің бірі де қалмады. Бір ажалдан қалдық. Құтқарушыларға мың алғыс. 

Тянь Ин, тұрғын үй қауіпсіздігін бағалау бюросының қызметкері:

- Жағдай өте қиын. Кейбір үйлер мен ғимараттар жөндеуге мүлдем келмейді. 80 пайызын сүру керек. Ал жарамды деген нысандардың өзі қабырғалары мен іргетасын қосымша күшейтуді талап етеді. Шығын көлемі толық есептеліп біткен жоқ. Бүгінгі күнге дейінгі есеп бойынша 10 миллиард юаньнан астам шығын келген. 

Су тасқынынан ең қатты зақым келген нысан - Яншуваньцзы ауылындағы білім ошағы. Мұнда биыл 300 бала білім алуы тиіс. Алайда мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. Іші лай-батпаққа толып, инфекциялық қауіп артқан. Сарқыраған тау суы қоршаулар мен ауланы шайып тас талқанын шығарды. Қызыл судың деңгейі екінші қабатқа дейін жетіп жиһаздар бүлінген. Бір қаланың өзінде 48 мектептің жағдайы осындай. Қазір бірнеше жұмыс тобы жасақталып ғимараттардың жарамдылығын тексеріп жатыр. 

Цзинь Ридонг, мектеп директоры:

- Балаларға қиын болды. Қатынап оқитын жол жоқ. Ал жаңа оқу жылы басталды. Мектептің жағдайы мынау. Ішіндегі лайдың қалыңдағы 30 сантиметрге дейін жетеді. Жарықтан ажыратылған. Ауыз су жүйесін тазарту керек. Эпидемия қаупі басым. Қазір 90-нан астам елді мекен мен білім ошақтарында дезинфекциялау шаралары жүріп жатыр. Енді білім беру процесі мен жөндеу жұмыстарын қатар жүргізуге тура келеді. 

Су тасқыны салдарынан егінге, әлеуметтік нысандарға және 10 мыңнан астам тұрғын үйге зақым келді. Жарық, интернет үзілген. Ауыз су тікұшақтармен жеткізіліп жатыр. Жолдардың 95 пайызын су шайып кеткен. Айта кету керек, табиғи апат кезінде 11 қаза тапты. Тағы 14 адам із-түссіз жоғалып кетті. Жергілікті халық жағдай қайталана ма деп алаңдап отыр.

Руслан Бақытбекұлы