Ресейде педагогтың мәртебесі туралы заң өзгерді
Ресейлік балалар енді мектепте ұялы телефон қолдана алмайды.
Жаңа оқу жылында көрші ел оқушыларын бұдан басқа бірнеше жаңашылдық күтіп тұр. Ал Дания билігі жаңа оқу жылында балалардың зейін қабілетін арттырудың басқа әдісін ойлап тапқан.
Жаңа оқу жылында ресейлік оқушыларды көп өзгеріс күтіп тұр. Енді мұғалім балаға ескерту жасай алады. Бұл педагогтың мәртебесі туралы заңда жазылған. Ұстаз мектеппен бекітілген ережені бұзған оқушыға тәртіптік жаза қолдану туралы сауал жолдай алады. Оқу орнының әкімшілігі сауалға әрекет етуге міндетті. Осылайша педагог өзін физикалық және психикалық зорлық-зомбылықтан қорғай алады.
YOUTUBE.COM/САРАТОВ 24
Бұрын ондай артықшылық тек оқушыларда ғана болатын. Бұдан бөлек биылдан бастап 10 және 11-сынып оқушылары үшін "Отбасын басқару" сабақтары өтеді. Сонда жеткіншектер отбасылық құндылықтарды жақсы түсініп, сарапшылар бұл келешекте елде демографиялық жағдайдың жақсаруына септігін тигізуі мүмкін дейді. Сонымен қоса 1 қыркүйектен бастап мектепте "Еңбектің" орнына "Технология" пәні оқытылады. Ұлдар мен қыздар бұрынғыдай бөлек-бөлек емес, енді бір бағдарлама бойынша оқиды.
АҚШ мектептерінің бірқатарында ұялы телефон қолдануға болмайды
Ал америкалық оқушылар биыл мектепте ұялы телефондар қолдана алмайды. Бүгінде 20 ірі мектеп округының жетеуінде тиісті талап күшіне енді. Тағы жетеуі шектеу енгізуді жоспарлап отыр.
YOUTUBE.COM/ABCNEWS
Жергілікті білім беру мекемелерінде оқ ату оқиғалары жиі болады. Сондықтан ата-аналар мен оқу орындарының басшылығы телефонды төтенше жағдай кезіндегі байланыс құралы ретінде пайдалану керектігі айтып келді. Ал коронавирус пандемиясы кезінде ол қашықтан оқу құралына айналды. Содан балалар арасында құрылғыларға деген тәуелділік артқан. Бірақ мамандар гаджеттер мен әлеуметтік желілердің балалардың психикалық денсаулығына кері әсеріне қатысты алаңдаулы. Мұғалімдер тарапынан да шағым көбейген. Оларды енді ана-аналардың өздері қолдап отыр. Оқу орындарында телефондардың шектелуі де осыдан. Бірақ елге мигранттардың көп келетіні белгілі. Олар ағылшын тілін дұрыс білмеуі мүмкін. Осындай оқушыларға ақпаратты аударып алу үшін ғана құрылғыны қолдануға рұқсат етіледі.
Дания мектептерінде әлеуметтік желілер бұғатталады
Дания оқушыларын да жаңа оқу жылында өзгеріс күтіп тұр. Бірақ ол тек ел астанасы Копенгаген мектептеріне ғана қатысты. Қаладағы мекемелерде оқушылардың сабақ оқуына кедергі келтіретін әлеуметтік желілер мен сайттар бұғатталады. Тиісті ұсыным балалар мен білім беру істері жөніндегі министрліктен түскен. Бірақ қарсы тарап бастаманың пайдасы шамалы екенін айтып, былтырғы жағдайды мысалға келтіреді. Өткен жылы кейбір мектептер сынақ ретінде осындай жүйені енгізіп көрген. Бірақ оқушылар ережені айналып өтіп, сайттарды пайдалануын жалғастыра берген.
Жұлдыз Атагельдиева