Дуров Франция сотының алдында жауап беріп жатыр
Павел Дуров сотқа жеткізу үшін қамаудан босатылған.
Процессуалдық тәртіп осындай. Бірақ бұл кәсіпкер бостандыққа жіберілді деген сөз емес. Бұл туралы франуздың "BFM TV" телеарнасы хабарлады. Қазір Францияда күдіктіден жауап алу жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша шешім қабылдануы тиіс. Телеграм басшысын алдын ала қамауда ұстау мерзімі бүгін Астана уақытымен түнгі сағат 11-де аяқталу керек. Оған дейін кәсіпкерге айып тағылу қажет еді. Олай болмағанда Дуров босатылуы тиіс. Айта кетейік, миллиардер 24 тамызда Париждің Ле Бурже әуежайына жеке ұшағымен қонған сәтте қамауға алынған еді. Телеграм басшысы 12 түрлі қылмыс бойынша күдікке ілінген. Солардың ішінде ақша жымқыру, лицензиясыз криптовалюталық қызмет көрсету, киберқылмысқа қатысу, тергеуге қажетті ақпарат беруден бас тарту бар. Бүгін Францияда Павел Дуровтың туған бауырына іздеу жарияланғаны белгілі болды. Николай Дуров Телеграмның негізін бірге қалаған серіктес. Американдық Политико басылымының хабарлауынша, ағайындылдарды қамауға алу ордері биыл наурызда берілген. Олар кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген порнографиялық материалдарды сақтады және таратуға жәрдемдесті деген күдікке ілінген.