Батыс Ніл безгегі Еуропаның тоғыз елінде тіркелді
Испанияда 2 адам Батыс Ніл безгегінен қайтыс болды, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша биыл жазда өлім-жітім саны бесеуге жетті. Қазір вирус Еуропада тез тарап жатыр. Жыл басынан бері Кәрі құрлықтың 9 елінде тіркелген. Әсіресе, Грекия мен Италияда вирус жұқтырғандар көп.
Айта кеткен жөн, Батыс Ніл безгегін масалар таратады. Қазір Кәрі құрлықта масалар үшін күн қолайлы болып тұр. Безгек Ресейде де 22 өңірде тіркелген. Көрші елде ауру деңгейі орташа көрсеткіштен 13%-ке асып тұр. Сарапшылар оған климаттың жылынуы себеп болуы мүмкін дейді. Ніл безгегін жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, денесі бөртеді, басы, бұлшық еттері мен буындары ауырады. 80%-інде ауру еш белгісіз өтеді. Бірақ асқынып кетсе, менингоэнцефалитке әкеп соқтыруы мүмкін. Қауіпті топқа созылмалы ауруы бар адамдар мен қарт кісілер кіреді.