Сарапшылар: 2025 жылы әлемде мұнай тапшы болады

Доллардың арзандап-қымбататуы, теңгенің тұрақтылығы екібастан мұнайға байланысты. Қазір әлем осы мұнай үшін арбасып, мұнай арқылы саудасын қыздырып отыр, деп хабарлайды 24kz.

Дегенмен, оның келешегі қалай болмақ? Жаһан оған тәуелді болмаудың жолдарын іздеп әрекет қылып жатыр. Басқа тұрмақ Сауд Арабиясы да сақтанып, мұнайға тәуелділігін азайтпақ. Ол үшін өзге секторларға көбірек ақша құйып, 2030 жылға дейін инвестиция көлемін 1 триллион долларға жеткізуге ниетті.

Фариза Жанғанаева, тілші:

- Иә, қазірде мұнайдың бағасы сәйкесінше, доллардың құны құбылып тұр.

Келер жылы әлемді жаппай мұнай тапшылығы күтіп тұр. Occidental Petroleum компаниясының басшысы Вики Холлубтың пікіріне сүйенсек, мұнайға әлемдік сұраныстың өсу қарқыны өте жоғары. Оның айтуынша, ХХ ғасырда мұнай компаниялары жаһандық сұраныстың өсуінен шамамен бес есе көп қара алтын өндірген. Ал, жылдан жылға мұнай қоры да, оны өндіру мөлшері де азайып келеді. Керісінше оған сұраныс әлем бойынша тәулігіне 1,5 млн баррельге артып отыр. Сарапшылардың болжамы бойынша жақын арада әлемдік нарықта мұнайға сұраныс сақталады. Бірақ содан кейін тапшылықтың ұзақ кезеңі басталады.

Викки Холлуб, Occidental Petroleum компаниясының басшысы:

- Жаһандық мұнай тапшылығы 2025 жылы басталады. Өйткені жоғары өнімді кен орындарын барлау қара алтынға сұраныстың өсу қарқынынан артта қалады. Әлемдік нарық сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігіне ұшырайды да, әлемде мұнай тапшы болады.

 

Әлемдік энергия тұтынуда мұнайдың үлесі көп

Қазір жаһан алдында тұрған мақсат – жасыл экономикаға көшу. Бұл туралы жиі айтамыз. Бұл ретте балама энергетикалық даму мұнайды ығыстыра ала ма? Ұлыбританияның British Petroleum компаниясының мәліметіне сүйенсек, әлемдік энергия тұтынудағы мұнайдың үлесі – 33,1%. Табиғи газдың үлесі үлесі де аз емес: 23,9%. Ал, Күн, жел энергиясының үлесі бар болғаны – 1,9%. Атом энергетикасының үлесі – 4,5%. «Егер мұнайдан алынатын энергияны атомнан алу үшін әрқайсысы 1,5 ГВт болатын 4мың атом станциясын салу қажет», - дейді сарапшылар. Ал, қазір әлемде 440 қана атом станциясы бар. Яғни, бұл көрсеткіштер мұнайдың экономикалық маңызын көрсетеді.

Әлемдік энергия көздері

Мұнай – 33,1%

Табиғи газ – 23,9 %

Күн, жел – 1,9%

Атом – 4,5%

 

Сауд Арабиясы мұнайға тәуелділігін азайтуға ниетті

Ең ірі мұнай өндірушілердің бірі – Сауд Арабиясы қара алтын секторына құйылатын инвестиция көлемін азайтуға ниетті. 2028 жылға қарай оған бөлінетін ақша 40 миллиард долларға қысқарады. Сөйтіп, жаңа инвестициялардың 73%-і тау-кен, металлургия, көлік, логистика салалары мен цифрландыруға бағытталады. Корольдік, осылайша, мұнайға тәуелділікті азайтпақ. Өйткені биыл екінші тоқсанда бюджет тапшылығы 4 миллиард доллардан асып кеткен. Шикізат бағасының төмендеуі және ОПЕК шектеулері салдарынан мемлекет қазынасын толтыра алмай отыр. Бюджет тапшылығы әлі бірнеше жыл жалғасады деген күдік бар. Десе де, Корольдік көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатында табиғи газға құйылар инвестиция көлемі өзгеріссіз қалатынын айтады.

 

Әлемде мұнай бағасы қымбаттап барады  

Ал, қазірде әлемдік нарықта мұнай бағасы шарықтап тұр. Былтыр мұнай бағасы барреліне орташа есеппен 84 доллар болды. Еуропа сарапшылары Израиль мен ХАМАС қақтығысына байланысты мұнай бағасы тіпті 120 долларға дейін шарықтауы мүмкін деп болжап отыр. Қақтығыс ұзаққа созылса, мұнай экспорттаушы Иранның соғысқа тікелей араласуы ықтимал, ал Йемендегі хуситтер мұнай тасымалына кедергі жасауын жалғастыра бермек. Бұл ретте мұнай сатушы елдер пайданы еселеп табу мүмкіндігіне ие болады.

Яғни, табиғи байлықтардың ішінде мұнайдың экономикалық әрі саяси маңызы арта түспек.