Әлемде көп елдер бейбіт атом бағдарламасын кеңейтуге күш салып жатыр
Осы арқылы мемлекеттер қоршаған ортаға бөлінетін зиянды қалдықтарды азайтып, электр энергиясын мейлінше қолжетімді етуді қалайды, деп хабарлайды 24kz.
Мысалы, осы қуатты пайдалану бойынша дүниежүзінде жетекші елдің бірі саналатын Франция 6 жаңа реактор салуға ниетті. Оңтүстік Кореяда да осынша реактор іске қосылады. Ал көрші Қытай елі, тағы 11 энергоблок салу туралы шешім қабылдады.
Франция 6 АЭС салуды жоспарлап отыр
Әлемде атом энергиясын өндіру көлемі бойынша жетекші елдердің бірі – Франция. Бұл елде бүгінде 50-ден аса реактор жұмыс істеп тұр. Алдағы жылдары тағы алтауын салу жоспарда бар. Олардың құрылысына 100 мыңдай адам тартылады. Бір нысанды пайдалану мерзімі 80 жылға дейін жетуі мүмкін.
«Осы уақыт ішінде 1,5 мың адам қажет болады. Сала жаңа жұмыс орындарының ашылуынан бөлек, реактор маңындағы өңір инфрақұрылымының дамуына да септігін тигізеді», - дейді сарапшылар.
Ян ван дер Лее, I2EN атом энергиясы халықаралық институтының атқарушы директоры:
- Францияда жаңа реакторлар бағдарламасы туралы жария етілгенде өңірлер оларды өз аумағында салуға таласа бастады. Бұл – оң бетбұрыс. Өйткені бәрі станциялар құрылысының аймақ экономикасы үшін маңызы зор екенін жақсы түсінеді.
Германияның өзге елдерге энергетикалық тәуелділігі артты
Германия болса, Фукусимадағы апаттан соң іле-шала өз атом энергия станцияларын жауып, 2023 жылдың сәуірінде істеп тұрған соңғы нысанмен қош айтысты. Салдарынан Еуропаның ең үлкен экономикасы үшін көмір мен газға тәуелділік артты. Мемлекет электр көзін экспорттаушы елден импорттаушыға айналды. Энергетикасының 70%-ін АЭС-тен алатын көрші Францияға алақан жайып қалды. Ауаның ластануы күшейіп, елдің 2038 жылға дейін көміртекті қоспалардан толықтай арылу саясатына күмән туындады. Бұл аздай, электр энергиясы қымбаттап, қарапайым азаматтардың қалтасына салмақ түсті. Осы жағдайларды көрген халық «атом электр станцияларын жабу туралы шешім асығыс қабылданды», дейді.
Блиц 1:
- Бүгінгі Германияның жағдайына қарап, атом энергия станцияларынан бас тартпау керек пе еді деп ойлаймын. Егер оны пайдалануды ары қарай жалғастыра бергенде, энергетикалық дағдарысты еңсеру оңай болар еді.
Блиц 2:
- Біз Фукусима апатынан кейін аяқасты барлық АЭС-терді жауып тастадық. Ол алыста болған апат қой. Меніңше, бұл өте асығыс қабылданған шешім. Қазір қоғамда «жасыл энергетика» көздері қызу талқыланып жатыр. Себебі елімізде энергияны тұтынатын өндіріс көп. Сондықтан тезірек бір жолын табу керек.
Блиц 3:
- Шынымды айтсам, ККІ 2 сияқты электро станциясының болғанын қалар едім. Себебі ол жерде қауіпсіздік әлем бойынша бірінші деңгейде. Бірден бас тартпай, мәселеге байыппен қарау керек еді. Ядролық қалдықтарды қайда жіберу жағын ойлануға тиіспіз. Бірақ сол үшін станцияларды жаппау керек еді.
Мерсиндегі АЭС өңір экономикасына оң әсер етті
Бауырлас Түркия елінде болса, бірер айдан кейін«Аккую» атом электр станциясы іске қосылуы керек. Нысан Ақ теңіз жағалауындағы Мерсин провинциясының экономикасына жақсы ықпал еткен. Әсіресе, жаңа станцияның құрылысы өңірдің өнеркәсіп және көлік салаларына оң әсер етіп, тұрғындардың әл-ауқатының жақсаруына септігін тигізген. Оған дәлел – АЭС іргетасы қаланғалы аймақта 20 мыңнан астам тұрғын үй салынып, халық саны көбейген.
Күршат Тосун, қоршаған орта және энергетика бойынша сарапшы:
- Мерсинде атом электр станциясының құрылысы өңір тұрғындарының тұрмысына оң әсер етті. Өйткені мұнда мыңдаған жұмыс орны ашылды. Соңғы мәліметтер бойынша онда 30 мыңнан астам кісі жұмыспен қамтылған. Бастапқыда біз қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде 10-12 мың адамды жұмыспен қамтылады деп болжаған едік. Бірақ одан асып кетті.
Қытай 47 атом энергоблогын салады
Атом электр станциясы ел экономикасына дамуына ықпалы зор. Бұған көрші Қытай елінің тәжірибесі дәлел. Игілігін көрген алпауыт мемлекет олардың санын едәуір арттыра бастады. Қазір бұл елде 36 энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Күні кеше Қытай мемлекеттік кеңесі тағы 11 атом энергоблогын салу туралы шешім қабылдады. Ядролық энергетиканың тиімділігі орасан. Бір АЭС жылына 3 миллиард доллар табыс алып келеді. 4 энергоблокты бір АЭС жылына 5 мың мегаватт сағат энергия өндіруге қауқарлы. Бұл кемінде Астана сияқты 4 қаланы жыл бойы үздіксіз энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. АЭС-ке бір келі уран жұмсап, 2700 тонна көмір үнемдеуге болады. Сонымен қатар құрылыс кезінде 10 мыңға дейін жаңа жұмыс орындары ашылады.
Тян Венг, Сиань атом энергетикасы институтының директоры:
- Ядролық энергетиканың экономикалық және әлеуметтік тиімділігі орасан. Атом энергоблоктары тек электр энергиясын ғана емес, өндіріске және жылу жүйесіне қажетті бу мен сутегін қатар өндіре алады. Бір атом энергоблогы 60-80 жылға дейін жұмыс істеп, тұрақты табыс әкеледі. Қоршаған ортаға зияны жоқ. Қытай қазір жылу электр станцияларының санын екі жылда 80-нен, 47%-ке дейін қысқартып, АЭС пен баламалы энергия көздеріне ерекше мән беріп отыр.
Оңтүстік Кореяда тағы 6 реактор салынады
Оңтүстік Кореяда 2038 жылға дейін жаңа 6 атом реакторын іске қосу көзделіп отыр. Қазір мұнда 23 блок жұмыс істеп тұр. Олар елдегі электр энергиясының үштен бірін өндіреді. Билік «бұлар болмағанда көмір станцияларын пайдалануға тура келер еді», дейді. Ал олар арқылы өндірілген қуат құны 17 есе қымбат. Қазір жасанды интеллект саласы тез дамып келеді. Сондықтан 2030 жылға таман технологияға қажетті электр энергиясына сұраныс 2 есе артады деп күтілуде. Саясаткерлер мұндай қажеттілікті тек атом энергетикасы есебінен жабуға болатынын айтады.
Ли Дже Хёк, Еуразия білім беру орталығының директоры:
- Баламалы энергия көздері мұндай ірі көлемдегі электр энергиясын қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан атом энергетикасына зор үміт артылады. Ядролық қауіпсіздік технологияларының жетістіктері мол. Егер Қазақстан МАГАТЭ ұйымының барлық ұсынымдарын орындап, атом электр станцияларын салу және басқару бойынша тәжірибесі бар елдермен бірге жұмыс істесе, қауіпсіздікке қатысты ешқандай қиындықтар туындамау керек.
Әлемде атом энергиясының 30%-і АҚШ-та өндіріледі
АҚШ – әлемдегі ең ірі атом энергиясын өндіруші мемлекет. Дүниежүзінде өндірілетін атом қуатының 30%-і осы елдің үлесінде. Мемлекетте 93 ядролық реактор бар. Олар 1990 жылдан бері елдегі электр энергияның шамамен 20%-ін өндіреді. Мысалы былтыр атом электр станциялары 775 миллиард киловатт-сағат өндірген. «Бұл шамамен 72 миллионнан астам үйді жарықпен қамтамасыз етуге жеткілікті», - дейді мамандар. Салада қазір жарты миллионға жуық америкалық жұмыс істейді. Олардың жалақысы өзге энергетикалық бірлестіктерге қарағанда 25-30%-ке жоғары. Сонымен қатар ядролық станциялар әр өңір қазынасына жыл сайын миллиардтаған доллар қаржы алып келеді. «Сондықтан дәстүрлі электр қуатының ұзақ мерзімді баламасы – атом энергетикасы», - дейді сарапшылар.