П.Дуровтың тұтқындалуына қатысты БАӘ-нің ұстанымы қандай?

Соңғы ақпарат бойынша, Павел Дуров Францияда 5 миллион еуро көлемінде кепілдік төлеп, босатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды 24kz.

Алайда, ол Франциядан кетуге тыйым салынып, аптасына екі рет полиция бөлімшесіне барып тұруы қажет. Атап өткен жөн, Павел Дуров 2017 жылдан бері Дубай қаласында тұрады және 2021 жылы БАӘ азаматтығын алған. Telegram басшысының тұтқындалуына қатысты Әмірліктердің Сыртқы істер министрлігі не деді? Жалпы бұл оқиғаның саяси, экономикалық немесе әлеуметтік ықпалы туралы Дубайдағы тілшіміз Бибігүл Нысанбаева айтып береді.

Бибігүл Нысанбаева, тілші:

- Павел Дуровтың тұтқындалуына байланысты Біріккен Араб Әмірліктері тек қана бір рет ресми мәлімдеме жасады. Ол мәлімдеме Араб Әмірліктерінің тұрғынына қажетті консулдық қызметтерді шұғыл түрде ұсыну үшін Франция үкіметіне жолданған ресми өтініш болатын. Одан кейін ресми мәлімдеме әзірге жасаған жоқ.

Мен қазір Telegram-ның Дубайда орналасқан кеңсесінің алдында тұрмын. Әрине, бұл жерде Telegram қызметкерлері жұмыс істейді, бірақ ғимараттың сыртында бұл кеңсеге қатысты ешқандай белгі немесе атау жоқ. Алайда, ғимарат басшылығы бұл жерде Telegram-ның бас кеңсесінің барлық қызметкерлері орналасқандығын растап берді. БАӘ мен Франция арасындағы саяси байланыстардан бөлек, Павел Дуровтың тұтқындалуы БАӘ-дегі технологиялық сектор мен инвестициялық тартымдылыққа әсер етуі мүмкін. Әсіресе, Telegram-ның Дубайдағы кеңсесінің болашағы мен оның аймақтағы қызметі үлкен сұрақ тудырып отыр. Егер шектеулер енгізілсе, бұл басқа технологиялық компаниялардың да болашағына кері әсер етуі ықтимал, әрі БАӘ-нің инновациялық экономикасына да әсері болуы мүмкін. Дуровтың ісі БАӘ-дегі Telegram қолданушылары арасында да алаңдаушылық тудыра бастады. Әмірліктерде көптеген желілерге, айталық, WhatsApp арқылы бейне және аудио қоңырауларға тыйым салынғандықтан, Telegram көптеген адамдар үшін негізгі байланыс құралы. Егер бұл оқиға нәтижесінде платформаға қатысты шектеулер енгізілсе, қолданушылар басқа мессенджерлерге көшуге мәжбүр болады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл оқиға екі ел арасындағы маңызды келісімдерге әсер етуі мүмкін. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында БАӘ Франциядан әскери ұшақтар мен истребительдер сатып алудан бас тартуы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Бұл туралы ресми мәлімдеме жасалмағанымен, мұндай ықтималдық екі елдің экономикалық қарым-қатынасына әсер етпей қоймайды. Бұл оқиға халықаралық қауымдастықтың назарын аударғаны өз алдына, оның қалай өрбитіні әлемдік деңгейдегі көптеген саяси және экономикалық шешімдерге ықпал ететіні түсінікті.