Павел Дуров Францияда сотпен белгіленген мекенжай бойынша тұру керек
Әлемдегі ең ірі гуманитарлық ұйым – БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Газа секторындағы қызметін уақытша тоқтатты.
Бұл – белгісіз мерзімге қабылданған шешім. «Енді аймақтағы гуманитарлық жағдай ушығып кетуі мүмкін», – дейді сарапшылар.
Гуманитарлық ұйым Газа секторына қызмет көрсетуін тоқтатты
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы Газа секторына көмек көрсетуді уақытша тоқтатты. Өйткені қызметкерлерінің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаулы. Бірнеше күн бұрын ұйым өкілдері мінген көлік бақылау-өткізу бекетінде атқыланған. Бұған дейін Израиль әскерилері темір тұлпарға өтуге рұқсат берген. Бірақ бұл жолы не үшін оқ атқаны белгісіз. Абырой болғанда, ешкім жарақат алған жоқ. Еврей елінің билігі әзірге бұған қатысты түсініктеме берген жоқ. «Соңғы оқиға Газадағы онсыз да күрделі жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін», – дейді сарапшылар. Қазір аймақта азық-түлік тапшы. Содан 650 мың бала тойып тамақ ішпейді. Бұдан бөлек, трғындар таза ауызсудан тарығып отыр. Салдарынан түрлі жұқпалы аурулар тарап жатыр.
Павел Дуров Францияда сотпен белгіленген мекенжай бойынша тұру керек
Павел Дуров Францияда сотпен белгіленген мекенжай бойынша ғана тұра алады. Бұл туралы француздың Liberation басылымы хабарлайды. Кәсіпкер электронды білезік тақпайды. Өйткені үй қамағында емес. Бірақ аптасына 2 рет полиция бөлімшесіне барып тұруы керек. Сосын басқа жерге көшетін болса, ол мекенжай бойынша сотпен ақылдасуы шарт.
Айта кеткен жөн, кәсіпкер 24 тамызда Париждегі Ле Бурже әуежайына жеке ұшағымен қонған сәтте қамауға алынған еді. Кепілге 5 миллион еуро төлегеннен кейін сот Telegram басшысын босатты. Бірақ Франция аумағынан шығуға тыйым салынған. Миллиардер 12 түрлі қылмыс бойынша күдікке ілінген. Солардың ішінде ақша жымқыру, лицензиясыз криптовалюталық қызмет көрсету, киберқылмысқа қатысу, тергеуге қажетті ақпарат беруден бас тарту бар.
Жапонияда тайфуннан ондаған адам жарақат алды
Жапонияның Кюсю аралында «Шаньшань» тайфуны ойран салды. Күшті жел соғып, нөсер жауған. Салдарынан 3 адам опат болып, тағы ондағаны жарақат алған. 250 мың үй жарықсыз қалды. Жүздеден ішкі рейс ұшпайтын болды. Тіпті ертеңге жоспаранған әуе сапарларды да кейінге қалды. Жоғары жылдамдықтағы пойыздардың қозғалысы шектелді. Ауа райының қолайсыздығы көлік өндірісіне де кесірін тигізген. Сөйтіп, Тойота, Ниссан және Хонда зауыттары ертеңге дейін жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған. Ал синоптиктер нөсер әлі жауады деп болжайды. Сондықтан арал тұрғындарына тасқын мен лай көшкіні қаупі туралы ескертілді.
Грекияда бірнеше тонна өлі балық жағаға шығып қалды
Ал Грекияның Волос курорттық қаласында былтыр болған «Даниэль» дауылының салдары әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Сөйтіп, жағаға бірнеше тонна өлі балық шығып қалған. Олар мекен ететін суқоймаға тұзды су түсіп, содан қырылған екен. Мамандар өлі балықты маңайдағы қонақүй жағажайларына жетпей тұрып, жинап алуға тырысып жатыр. Осы күнге дейін 40 тоннасы судан шығарылған. Әлі ондаған тоннасы суда жатыр. Ал қолқаны қапқан иіс мазаны қашырып отыр. Билік бұл жағдай туризмге ғана емес, экологияға да кері әсер ете ме деп алаңдаулы. «Өйткені су патогендермен ластанып, ондағы жануарларға зиянын тигізуі мүмкін», – дейді.
Ұлыбритания «ақылды көзілдірік» жасап шығарды
Ұлыбритания «ақылды көзілдірік» ойлап тапты. Ол нашар көретін адамдарға арналған. Көзілдірік таққан кісі спорттық жарыстарды жоғары сапада тамашалай алады. Мысалы, кадрды жақындатып не алыстатуына болады. Құрылғы Париждегі Паралимпиада ойындарында алғаш рет көрсетілген. Сөйтіп, қазір оны жанкүйерлер қолданып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бүгінде әлемде көру мүмкіндігі нашар 2 миллиардтан аса адам бар.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева.