Қытай ғалымдары Айдан су тапты

Қытайлықтар Айдан су шығару тәсілін ойлап тапты.

Ғалымдар жер серігінен жеткізілген топырақты зерттеу кезінде құрамында сутегінің мол мөлшері барын анықтаған. Қытай ғылым академиясының зерттеушілері айдан алынған бір тонна минералдан 50 литрге дейін су шығаруға болатынын айтады. Ол үшін айдың топырағын 1000 градустан жоғары температурада қыздырған. Элементтердің химиялық өзара әрекеттесуінің нәтижесінде бу бөлінген. Қазір инновациялық әдістің қыр-сыры жетілдіріліп жатыр. Бұл амал келешекте Ай бетіне зерттеу станциясын салу кезінде пайдаланылады.

Ванг Цзюньцзян, ҚҒА Нинбо материалдар технологиясы және инженерия институтының зерттеушісі:

- Бұл тәсілді Ай бетінде пайдалануға болады. Ол үшін күннің сәулесін Френель линзасы арқылы күшейтеміз. Айдың топырағын 1500 градусқа дейін қыздырғанда еріп, одан бу бөлінеді. Ал суды электролиздеу арқылы оттегі мен сутегі алынады. Оттегі айда ұзақ уақыт тұрақтауға мүмкіндік береді. Ал сутегі энергия көзі болып табылады. Одан бөлек, қыздырылған ай топырағы темір мен керамикалық шыныға айналады. Оны Айда зерттеу базасының құрылысына пайдалануға болады.