Жапонияда жаңа оқу жылы сәуірде басталады
Жаңа оқу жылы біздікіндей 1 қыркүйекте басталмайтын елдер көп екен. Бұл жыл мезгілдерінің ерекшелігімен байланысты, деп хабарлайды 24kz.
Мысалы австралиялық оқушылар күзден емес, қыстан бастап оқиды. Ал жапондық балалар сәуірде жаңа оқу жылына кіріседі. Алдағы топтамаға назар аударайық.
Жапондықтар үшін көктем жаңа өмірдің бастауы саналады. Жылдың бұл мезгілінде сакура гүлдейді, қаржы жылы басталады. Ал сәуірде балалар жаңа оқу жылына кіріседі. Ол 3 кезеңге бөлінген. Алғашқысы шілдеге дейін жалғасып, балалар жазғы демалысқа кетеді. Сосын қыркүйекте басталатын екінші семестр желтоқсанның соңында аяқталады да, соңғы кезең қаңтардан наурызға дейін созылады. Мұнда қысқы және көктемгі демалыс қысқа. Жазғысының өзі бір айдан астам уақытқа ғана жалғасады. Жапонияда мұғалімнің мәртебесі жоғары. Бірақ жұмысы да қауырт. Аптасына 50 сағаттан астам уақыт еңбек етеді. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. Жергілікті мектептерде оқушылардың тәртібі мен сыртқы келбетіне қатысты да талап қатаң. Мұнда баланы еңбекке баулу тәрбиенің маңызды бөлігі саналады. Сондықтан оқушылар сыныптарды өздері жинап, өздері жуады.
Оңтүстік Кореяда оқу жылы 2 семестрден тұрады
Ал, Оңтүстік Кореяда жаңа оқу жылы наурызда басталады. Ол екі семестрден тұрады. Елдің білім беру жүйесі үздіктердің қатарына кіреді. Балалар тіпті демалыстың өзінде қосымша сабақтарға қатысады. Олар жазда болашақ мамандығымен байланысты лагерьлерге барады. Сонымен қоса, Оңтүстік Кореяда «хагвон» деген түсінік кеңінен тараған. Ол мектептен кейінгі ақылы дайындық мектебі дегенді білдіреді. Мұнда репетитордың қызметіне жүгінетіндер көп. Мемлекет білім беру жүйесінде түрлі технологияларды енгізуге тырысады. Сөйтіп, келер жылдан бастап мектептерде жасанды инттеллект негізіндегі цифрлық оқулықтар пайда болады. Олар баланың оқу қабілетін бағалап, мазмұнын әр оқушының мүмкіндігіне қарай бейімдеп отырады. Технология роботпен жұмыс істейтін электронды тақталармен жабдықталған. Нейрожүйе балалардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындай алады.
Австралияда баланың білімін бағалау жүйесі өзгеше
Австралияда оқу жылы қаңтардың соңында не ақпанның басында басталып, желтоқсанның соңында аяқталады. Өйткені маусым, шілде мен тамыз австралиялықтар үшін қыс айлары саналады. Ал жаз керісінше, желтоқсаннан ақпанға дейін жалғасады. Австралияның білім беру жүйесі үздіктердің қатарына кіреді. Жергілікті мектептерде сабақты қызығырақ өткізу үшін жаңа әдістемелер қолданылады. Сосын мұнда оқушылардың білімін бағалау жүйесі басқалардікінен өзгешелеу. Бір деген максимал балл, 5 керісінше, ең нашар баға дегенді білдіреді.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева